Елімізде саусақ іздері бар құжаттар беріле бастады

0
943

Жаңа жылдан бастап бұл процедура міндетті болып саналмақ.


Елімізде саусақ іздері бар құжаттар беріле бастады

ERNUR.KZ. Дактилоскопиялық тіркеуден өту мәселесінің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Тіпті, оны 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізбек болды. Бірақ "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Заң таяуда ғана қабылданып, келесі жылдан бастап күшіне енеді. Соған сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан кейін жеке бас құжаттарын рәсімдейтін азаматтар саусақ іздерін де тіркеуге міндеттеледі, деп жазады inbusiness.kz.

Міндетті дактилоскопиялық тіркеу төлқұжат пен жеке куәлікті алатын кезде міндетті түрде қолданылатын болады. Одан тек 12 жасқа дейінгі балалар босатылады. Ал 12-16 жас арасындағы жасөспірімдер үшін бұл жаңашылдық ерікті түрде қарастырылады.

Жаңа жылға дейін де бұл процедураны ерікті түрде жасауға болады. Яғни, құжат аларда саусақ іздерін тіркеуді қаласаңыз, қазірден-ақ мүмкіндік бар.

"Павлодар облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы арнайы сканерлермен жабдықталды. Сол арқылы алынған саусақ іздері арнайы базада сақталады. Осы уақытқа дейін аймақтың екі мыңнан астам азаматы жеке куәлік пен төлқұжатты ресімдейтін кезде дактилоскопиялық тіркеуден өтті", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғомар Шабиденов.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін екі адам басқа азаматтардың орнына құжат ресімдемек болған. Олардың бұл заңсыз әрекеттері әшкереленіп, жауапқа тартылды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін саусақ іздерін тіркеу маңызды дегенді алға тартады. Бұл жүйе жоғалған құжаттарды қалпына келтіру ісін де айтарлықтай оңтайландырады.