​Елімізде ЖИ-камералар патруль көліктеріне де орнатылды

0
101

Қазақстанда жасанды интеллектіге негізделген камералар тек стационарлық жүйелерде ғана емес, патрульдік полиция көліктерінде де қолданылады.


​Елімізде ЖИ-камералар патруль көліктеріне де орнатылды

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова түсіндірді, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, елде «TOR» деп аталатын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмысы іске қосылған. Бұл жүйеге елді мекендердегі барлық камера, патруль көліктеріндегі құрылғылар мен планшеттер біріктірілген. Барлық дерек Жедел басқару орталықтарына түсіп, сол жерде жасанды интеллект арқылы өңделеді.

– Жүйе автокөлікті немесе адамды іздеу кезінде қолда бар аз ғана белгілер арқылы іздеу аумағын қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, көліктің тек түсі немесе маркасы белгілі болса, не адамның көзілдірік, кепка секілді айрықша белгілері ғана болса да, ЖИ сол мәліметтерге сәйкес тізім қалыптастырады, – деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Ал патрульдік көліктерге орнатылған мобильді автоматты тіркеу кешендері былтырдан бері қолданылып келеді. Қазір Қазақстан бойынша мұндай 500-ден астам камера бар. Олар автопатрульдің қозғалыс бағыты бойынша 360 градус ауқымда жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейді. Тіркелген құқықбұзушылықтар алдымен процессингтік орталықта тексеріледі. Дерек расталған жағдайда ғана ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика жүйесіне жіберіліп, жүргізушінің жеке кабинетіне әкімшілік ұйғарым ретінде түседі.

– Жасанды интеллект қателесуі мүмкін. Сондықтан барлық материал алдымен тексеруден өтеді. Егер құқықбұзушылық дәлелденбесе, ұйғарым жіберілмейді. Ал жүргізуші келіспеген жағдайда, Әкімшілік кодекске сәйкес шағым түсіруге құқылы, – деді инспектор.
Камералардың бір бөлігі жасырын патрульдеу режимінде жұмыс істейді. Олар қоғамдық көліктерге, жедел жәрдем машиналарына және арнайы белгісі жоқ автокөліктерге орнатылған. Бұл әсіресе қала сыртындағы жолдарда полицияның көзге көрінбейтін қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақтоты Боранованың айтуынша, цифрландыру полиция қызметінің жүктемесін шамамен 50 пайызға азайтқан. Бұл құқық қорғау органдарына профилактикаға, адамдармен тікелей жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беріп отыр.

– Жүйелердің мақсаты – жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының, қылмыстың алдын алу. Егер жүргізуші ережені бұзбаса, оны ешкім тоқтатпайды, – деді Ақбота Боранова.