Елімізде жылу беру маусымы басталды

0
349

Ұзындығы 546 шақырымды құрайтын жылу құбырларын жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу көзделген.


Елімізде жылу беру маусымы басталды

Қазақстанда жыл сайын жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізіледі. Тиісінше, қара күзде тұрғындарға қажетті жылу беріліп, ел игілігі арта түседі. Осы орайда бүгін еліміздің бірқатар өңірінде жылыту маусымы бастау алды. Атап айтқанда, климаты күрделі, суық ерте түсетін аязды Астана шаһарында, Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола облысы мен Павлодар өңірінде тұрғындарды бір мәселесі шешілді. Ал, күні ертең, яғни 1 қазанда Қарағанды,Абай, Ақтөбе облыстарына жылу беріле бастамақ. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ресми түрде мәлім етті.


Осы орайда биылғы жылы мемлекет тарапынан жылыту маусымына қандай дайындық шаралары жүргізілгенін де атап өтейік. Жалпы, 2024 жылы еліміздегі он энергетикалық блок, елу бас жылу қазандығы мен қырық бес турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 546 шақырымды құрайтын жылу құбырларын жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Сәйкесінше, бұл жоспардың 95 пайызға жуығы күз маусымына жетпей атқарылып қойған. Одан бөлек, ел азаматтары мен өзге де сала мамандарына қажетті отын қоры 5,2 миллион тонна көмір және 90 мың тоннаға жуық мазутпен толықтырылған. Бұл биылғы жылыту маусымына жеткілікті екен. Мұның барлығы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде орындау, отын қорын толықтыру және оны тиімді пайдалану бағытындағы нақты тапсырмалардың нәтижесі деп білеміз. Оған қоса, жылыту маусымына қатысты мәселелер тамыз айында Үкіметте де талқыға түсіп, проблемаларды шешу жолдары нақтыланған.


Сондай-ақ, 2024 жылы электр қуатымен қамтамасыз ету саласы бойынша ұзындығы жиырма мың шақырымнан асатын желіні жаңғыртып, төрт жүзден аса қосымша стансаға жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Сондай-ақ, министрлік тарапынан Риддердегі жылу энергетикалық орталығындағы қазандықтар мен құбырларды жаңарту, Екібастұздағы жылу энергетикалық орталығының жабдықтарын жөндеу жұмыстарын жіті бақылауға алған. Жалпы, ел Үкіметінің қорынан қуат көздерін әзірлеу үшін өтініштерде көрсетілген он жеті миллиард теңге қаралған.


Ал, келер жылы тағы да біршама шағын қалалардағы жылу орталықтары жөнделгелі жатыр. Атап айтқанда, Кентау, Шахтинск, Риддер, Рудный Екібастұз, Степногорск және Теміртауда отызға тарта қазандық және оннан аса турбинаны жаңғырту және жөндеу жоспарланған. Аталған жұмыстардың атқарылу барысы апта сайын тексеріліп, ай сайын проблемалар мен кедергілерді жою жөнінде жиын өткізіліп тұратын болады.


Одан бөлек, 2026 жылы құны жиырма бес миллиард теңгені құрайтын Степногорсктағы және 2027 жылы құны жиырма жеті миллиард теңгеден асатын Балқаштағы энергетикалық жобалар аяқталады деп күтілуде. Одан өзге, алдағы уақытта Лисаковта құны 858 миллион теңгені құрайтын тағы бір жоба қолға алынбақ. Осы жобалар толығымен іске асырылған жағдайда шағын қалалардағы энергетикалық жүктеме қалып келіп, тұтынушылардың қажеттілігі орындалғалы тұр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ