Елімізге Иран мен Ресейден келетін туристер саны артты

0
373

Былтыр елімізде туризмнен түсетін салық көлемі 1,5 есе өскен.


Елімізге Иран мен Ресейден келетін туристер саны артты

ERNUR.KZ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі туристер саны өсіп, 8,5 млн адамға жетті. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына сұхбат берген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомство басшысының айтуынша, былтырғы ішкі туризмнің өсімі пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2 млн адамға артық.

«Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті. Бұл нәтижені жақсарта түсу үшін Мәдениет және спорт министрлігі 10 негізгі бағытты анықтады. Қазақстанның әр өңірінде, атап айтқанда 3 мегаполисте және 17 облыста өзіміздің бірегей, ерекше орындарымыз бар. Пандемияның салдары ішкі туризмнің дамуына ықпал еткенін көріп отырмыз. Қазақстандықтар еліміздің өзге өңірлеріне жиі саяхаттай бастады», - деді Асхат Оралов.

Министр атап өткендей, бұл ретте ресейлік туристер саны да ұлғайған.

«Бізге әрқашан ресейлік туристер жиі келіп тұрады. Дегенмен қазір олардың саны артып келеді. Бұл әсіресі шекара маңындағы аймақтарда айқын байқалады. Сондай-ақ, Маңғыстау облысына Ираннан келетін туристердің қатары күрт артты. Мемлекет басшысының Иран Республикасына жасаған сапарының қорытындысы бойынша визасыз режимге қол қойылды. Бұл үлкен жаңалық. Осы жылдың наурыз айында, яғни Наурыз мерекесі қарсаңында алғашқы 300 турист Маңғыстау облысына, атап айтқанда Ақтау қаласына келді», - деп тоқталды министр.

Қоса кетсек, былтыр елімізде туризмнен түсетін салық көлемі 1,5 есе өскен.