“Элиталық эскорт“ желісі: жеңгетай Айка жазасын кейін өтейтін болды

0
95

Себебі, кішкентай баласының болуы.


“Элиталық эскорт“ желісі: жеңгетай Айка жазасын кейін өтейтін болды

фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. "Элиталық эскорт" желісі бойынша айыпталып, 2024 жылы 6,6 жылға бас бостандығынан айырылған блогер Айканың жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Ол осы кезеңде пробациялық бақылауда болады, содан кейін жазасының қалған бөлігін өтейді, деп жазады tengrinews.kz.

Абай облысы Жарма ауданының соты сотталған М-нің (Айка) жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішін қарады. Себебі, кішкентай баласының болуы.

2024 жылғы 21 мамырда сот Айканы мүлкі тәркілене отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберген. Заң бойынша белгіленген мерзімнің бір бөлігін өтегеннен кейін ол қалған жазаны жеңілірек жазаға ауыстыру туралы өтініш берген, бірақ 2025 жылғы 31 шілдеде Жарма аудандық соты бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, яғни кішкентай балалары бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін норма бойынша, оның адвокаты қалған жазаны кейінге шегеру туралы сотқа қайта өтініш түсірген. Өтінішті қарау барысында Айканың қорғаушысы, №23 мекеме өкілі және прокурор бұл өтінішті қолдаған.

Сот мәліметінше, Айканың 2020 жылы туған баласы бар. Сот оның жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырған.

"Баланың мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, сот жазаны кейінге қалдыру керек деген шешімге келді. Жазаның өтелмеген бөлігін орындау екі жылға кейінге қалдырылды", - делінген сот жауабында.

Осы екі жыл ішінде әйел тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.

Еске салайық, 2024 жылғы 21 мамырда, Алматының Әуезов аудандық соты блогерді аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлық жасау деректері бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.