Мамыр айында мүсіншілер арасында байқау жарияланған болатын.
ERNUR.KZ. Бас қалада індетпен күресте алғы шепте жүрген мамандарға арналған ескерткіш бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамыр айында мүсіншілер арасында байқау жарияланған болатын. Оған елордалық мүсінші Ербол Зиябеков те қатысты. Ол өз туындысы арқылы қауіпті аймақта аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және еріктілерге алғыс білдіруді жөн көрген.
Елордалық мүсінші Ербол Зиябеков 10 жылдан астам уақыт қолөнермен айналысады. Кейіпкеріміздің Қазақстан бойынша 10 ескерткіші бой көтерген. Қазір мүсіншілер үздік эскиздік жоба байқауында өз бағын сынап көрмек. Мүсінші коронавируспен күресте алғы шепте жүрген жауынгерлерге еңселі ескерткіш орнатуды көздеп отыр. Оның биіктігі 10 метр болады дейді.
- Конкурстың талабы коронавирус жайлы. Коронавируспен волонтерлер, дәрігерлер, операторлар, журналист, дезинфекторлар да күресіп жатыр. Төбесінде біздің әлем. Індет бүкіл әлемді жайлағаннан кейін үстіне жер шарын бейнеледік, - дейді мүсінші Ербол Зиябеков.
Бұл шеберханада 20-дан аса адам еңбек етеді. Олар бастапқыда жобаның макетін салып, содан соң қоладан құйылған мүсін жасап шығарады. Шығыс Қазақстан облысына Дидахмет Әшімханұлының ескерткішін тарту етпекші. Оның биіктігі 2,5 метр, салмағы 1 тонна болатын жұмысты 30 күн ішінде әзірлеген.
– Мына үлкен мүсіндер саз балшықтан жасалады. Бұл көлеміне байланысты. Осы мүсін 1 айда жасалып шығады. Бұл толықтай біткен жоқ. Идея кішкентай модельден басталады. Мынау кіші моделі. Осыдан соң үлкейтіледі. Одан кейін мүсіншілер саз балшықпен жасайды. Егер тапсырыс аз болса, 4-5 мүсінші жетеді. Суретке қарап, айнытпай саламыз,- дейді мүсінші Ербол Зиябеков.
Өнер иесінің айтуынша, саз балшықтан жасалған жоба сұранысқа ие. Алдағы уақытта әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлына арналған туындысын ұсынбақшы.