Олар күндізгі уақытта-ақ үйлердің пластикалық терезелерін бұзып кіріп, іштегі ақша, зергерлік бұымдар мен қымбат тондарды қолды етіп келген.
ERNUR.KZ. Елордалық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында коттедждерге ұрлыққа түсуді кәсіп еткен екі азаматты қолға түсірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Ұсталғандар Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облысының тумалары болып шықты. Олар бұрын да істі болған.
Тергеп-тексеру барысында күдіктілердің негізінен қала шетіндегі коттедждерге ұрлыққа түсіп жүргендері анықталды.
Олар күндізгі уақытта-ақ үйлердің пластикалық терезелерін бұзып кіріп, іштегі ақша, зергерлік бұйымдар мен қымбат тондарды қолды етіп келгендері белгілі болды. Қазіргі таңда ұсталғандардың осы тектес 4 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
«Аталған тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарға Бейбітшілік 19 мекенжайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіне 8 (7172) 71-60-69; 71-60-28 немесе «102» телефондарына қоңырау шалуды сұраймыз»,-делінген Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.