Тергеу басталды.
Фото: crossroadstoday.com
ERNUR.KZ. Каирдегі айналма жолда отын тасығыш көлік аударылып, одан шыққан өрттен 31 адам қаза тапты. Түрлі күйік жарақатын алған 21 адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz.
Мысыр денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға сәрсенбі күні кешке ескі қала орталығының солтүстігіндегі Уаррақ тұрғын ауданындағы айналма жолдың бір бөлігінде болды.
Өрт салдарынан 20-дан астам автокөлік пен мотоцикл жанып кеткен.Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, отын таситын көлік аударылып, жанындағы өзге көліктерге бензин төгілген.
Ел прокуратурасы апат құрбандарының жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жеке мердігерге тиесілі жанармай тасымалдайтын көлік тас жолмен келе жатқанда жоғары вольтты кабель үзіліп алдына түскен. Бұл жағдай жүргізушінің көлік басқаруды жоғалтуына әкелген. Бұл туралы тергеуге қатысы бар дереккөздерге сілтеме жасап, "Аль-Ахрам" газеті жазды.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларда өрт сөндірілгеннен кейін тас жолға жиналған үлкен топ пен кіреберіс жолдарды жапқан жедел қызметтер көрінеді.


