Елордада «Құрақ көрпеден» шырша орнатылды

0
2 382

«Құрақ көрпеден» жасалған ерекше шырша елордадағы «Бәйтерек» монументінің жанына орнатылды.


Елордада «Құрақ көрпеден» шырша орнатылды

ERNUR.KZ. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының орталығына ерекше шырша қойылды. Қолдан жасалған шыршаны әзірлеуге елімізбен қатар шетел азаматтары да белсенділік танытты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының орталығына ерекше форматтағы шырша орнатылды. Бұл менің бала күнгі арманым. Бұл жерде бір жағынан көнеден келе жатқан қолөнер ісіне жан бітірсек, екінші жағынан табиғатқа жанашырлық танытып, эко-шыршаны дәріптеу. Тағы бір ерекше айтып өтетін сәт. Бұл шыршаны жасап шығаруға елорда ғана емес еліміздің басқа да өңірлерінен азаматтар үлестерін қосты. Атап айтқанда, Алматы, Ақтөбе, Петропавл қалаларынан белсенділер қатысты. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі, кішкентай баладан, 80-дегі әжемізге дейін атласысты. Сондай-ақ, бұл жаңа жылдық сыйды әзірлеуге Өзбекстан, Ресей азаматтары, одан бөлек кеше ғана Африка азаматы біздің қатарымызға қосылып, қол ұшын созып жатыр»,- деді «Құрақ көрпеден» эко-шырша жасау идеясының авторы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.

Оның айтуынша, ерекше шыршаның биіктігі 6 метр, құрақтың ұзындығы 70 мың метр, оны жасауға 200-ден астам адам атсалысты.




«Құрақ көрпеден шырша жасау идеясы туралы Instagram парақшасынан білдім. Жаңа жыл қарсаңында ерекше идея ұсынып жатқан соң, мен де өз үлесімді қосайын деп шештім. Оның үстіне қолымнан тоқу, іс тігу келеді. Бұл жерде құрақ 20/20 шаршы сантиметрді құрайды. Шыршаны жасау кезінде құрақ құрауды мен де үйренгім келеді деп қатарымызға қосылғандар болды. Кеше жұмысты толығымен аяқтадық, жалпы бұл істі жақсы бастама деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл идея одан әрі жалғасын тапса дұрыс болар еді. Өйткені іс тоқу, тігу және құрақ жасау біздің дәстүрімізде бар нәрсе. Және өскелең ұрпақ үшін де жақсы үлгі», - деді эко-шыршаны жасауға үлес қосқан елорда тұрғыны Зәуре Уәлиқызы.

Айта кетсек, «Құрақ көрпеден» жасалған ерекше шырша елордадағы «Бәйтерек» монументінің жанына орнатылды.