Елордаға «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры аясында 330-дан астам оқушы келді

0
101

Елорда әкімдігінің қолдауымен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы ұйымдастырған «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры жалғасып жатыр.


Елордаға «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры аясында 330-дан астам оқушы келді

ERNUR.KZ. Жаз басталғалы бері елордаға Абай, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарынан 335 оқушы келіп үлгерді. Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік тур аясында Қазақстанның барлық өңірінен 500-ден астам баланың Астанаға келуі жоспарланып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алдағы апталарда қалаға тағы 165 оқушы келеді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Қарағанды облыстарының балалары бар. Бағдарлама бойынша 23 шілде мен 26 тамыз аралығында бірнеше топтың сапары ұйымдастырылады.

Үш күн ішінде балалар елорданың тарихымен, мәдениетімен және көрікті жерлерімен танысады. Кәсіби гидтердің көмегімен олар «Бәйтерек» монументіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, Қазақстан теміржолының музейіне, Бейбітшілік және келісім сарайындағы «Леонардо да Винчи» көрмесіне және Астананың басқа да маңызды нысандарына барады.

Жоба ішкі балалар туризмін дамытуға, өскелең ұрпақты Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен жетістіктерімен таныстыруға, сондай-ақ олардың елге деген мақтанышы мен Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.