Елордалықтар арзан құндыз ішік аламын деп алданып қалды

0
1 469

Клиенттерді алдап 1,5 млн теңгені қалтасына басқан


ERNUR.KZ. Елорданың полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 23 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Бұл туралы аталған ведомстводан белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Құқық қорғаушылардың мәліметінше, алаяқ Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунт ашып, онда нарықтық бағадан әлде қандай арзанға құндыз ішіктер мен тері бұйымдарының сатылатындығы туралы хабарлама қалдырған. Тіпті сатып алған затты үйіне дейін жеткізіп беруге уәде берген. Сатып алушылардың назарын аудару үшін желіге әдемі ішіктермен түскен суреттерін салып, сауда үйлерінің жалған мекен жайларын көрсеткен. Клиенттермен тек WhatsApp арқылы байланысқан. Алаяқ клиенттің сеніміне кіргеннен кейін тауарды үйіне дейін әкеліп беретіндігін айтып, толық соманы Qiwi-әмиянға аударуды өтінген.

Астана қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегеновтің айтуынша, алаяқтың сөзіне сенген сатып алушылар оның есеп шотына 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша аударған. Алаяқ ақшаны алғаннан кейін аккаунтын да, ұялы телефонын да өшіріп тастаған. Осылайша, ол 7 адамның 1,5 млн теңгесін алған. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.