«ЕҢБЕК АДАМЫ»: Еден жуушылар да жақсы жалақыға лайық

0
375

Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі «біз қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз қажет» деп айтып жүрген жоқ па еді?


«ЕҢБЕК АДАМЫ»: Еден жуушылар да жақсы жалақыға лайық

Дана Абай «Есектің артын жусаң да – мал тап» дейді. Расында қай кезде де адамды адам ететін – еңбек. Және де адал еңбектің оңайы немесе ұяттысы жоқ екенін естен шығармауымыз керек. Бірақ, кейде пендешілікке салынып, кейбір салада қызмет ететін азаматтарды менсінбей қалатынымыз жасырын емес. Бірақ оәрбір адам қоғамның маңызды бір бөлігі. Мұны қазіргі мемлекет билігі, ел Президенті де қайта-қайта айтып, еңбек адамдарына деген құрметті қалпына келтіруге тырысып жатыр.


Елеусіз қалған мамандық бойынша еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі жасы елуден асқан, еліміздегі ауруханалардың бірінде еден жуып, қашама азаматтың тазалығын қамтамасыз етіп жүрген Ғалия Сабырханқызы. Оның бұл салада жұмыс істеп жатқанына 6 жалдың жүзі болған. Ал, ауруханаға дейін білім беру мекемелерінің бірінде аула тазалаушы болған.


Жылдың жайлы, құрғақ мезгілдерінде жұмысы шамалы жеңілдейтін Ғалия апай жауынды-шашынды мезеттер мен қыс айларында қиналыңқырап жүрген екен. Себебі, қытымыр қыста аула тазалап, қар күреп, мұз ою әйел адам түгілі, еркектердің өзін бір жақты етіп жібермей ме? Содан емханадағы еден жуушының орны босағанда кейіпкеріміз орайын тауып, денсаулық сақтау мекемесіне орналасыпты. Мұндағы жұмысы да жеңіл болмағанымен, әйтеуір жылы нысанның ішінде тер төгеді. Белгілі бір палаталар мен дәліздерді, жиһаздарды сүртеді және үй гүлдерінің бабын жасайды. Бірақ, қанша қара жұмыс істесе де, жалақысы аз екен. Нақтырақ айтсақ, ай сайын қалтасына сексен(-ақ!) мың түсіп тұрады.


Бір өкініштісі, бұл бір ғана Ғалия апайдың емес, еліміздегі қаншама ғимараттың еденін жуатын қызметкерлердің жай-күйі. Оларды тағы кіші буын мамандары деп бөліп жатамыз. Бірақ, соңғы кездерде мұндай айлыққа еден жуушыларды әрең табатын жағдайлар жиі кездеседі. Демек, мұндай мамандардың жалақысын көтеру – күн тәртібінде тұрған проблемалардың қатарына қосылуы қажет. Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі «біз қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз қажет» деп айтып жүрген жоқ па еді?


Президент айтса, бұл жұмыстарға көңіл бөлінетіні айқын. Сәйкесінше, қазіргі уақытта елімізде Үкіметтің бастамасымен тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру, жалақыларын көбейтіп, табысын арттыру, еңбек адамдарына деген құрмет пен олардың мәртебесін көтеру жұмыстары бірте-бірте іске асырылып келеді. Бірақ, әзірге мұның өзі жеткіліксіз болып жатқан секілді. Біздің ойымызша, техникалық қызметтерді атқаратын Ғалия сынды азаматтардың жалақысы кемінде екі есеге көбеюі қажет-ақ.


Аталған мәселені біз ғана емес, Парламент Мәжілісіндегі депутаттар да қайта-қайта көтеріп жүр. Мәселен, мәжілісмен Сүлейменова Жұлдыздың жауапты министрлікке жолдаған сауалында білім беру және денсаулық сапасын арттыру саласында аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың айлығы мардымсыз. Нақтырақ айтсақ, бүгінде білім мекемелеріндегі 260 мыңнан астам электрик, аула тазалаушылар мен еден жуушылардың қолына тиетін жалақысы 75-80 мың теңгенің аралығында. Бірақ, бұл қызметкерлердің еңбегі болмаса, бірде-бір білім беру ұйымында жұмыс алға баспайды. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі жағдай да осыған ұқсас екендігі жасырын емес. Осыны ескерген халық қалаулысы аталған мамандықтар бойынша қызмет ететін жұмысшылардың жалақысын көтеру керек дейді.


Айтса, айтқандай-ақ, шын мәнінде Үкімет осы бір проблеманы шешу үшін тың реформа жасайды деп сенеміз. Себебі, әрбір адал еңбек ететін адамның табысы қызметіне лайық, ішіп-жеміне жететін, өзі мен бала-шағасының қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын болуы тиіс. Мемлекет басшысы қолданысқа енгізген «Еңбек адамы» ұғымының мән-мағынасы да осы.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ