Ақтаудың 59 жастағы тұрғыны 2025 жылы 3 маусымда септоринопластика бойынша жоспарлы отадан кейін көз жұмды.
Фото: Ru.freepik.com
ERNUR.KZ. Астанада жеке клиникада мұрын пердесін түзету бойынша жоспарлы операция жасатқан 59 жастағы әйел көз жұмды, деп жазады stan.kz.
Ақтаудың 59 жастағы тұрғыны 2025 жылы 3 маусымда септоринопластика бойынша жоспарлы отадан кейін көз жұмды. Марқұмның ұлының айтуынша, анасының тыныс алуы қиындағандықтан, хирургиялық ота жасатуға мәжбүр болған.
“Операцияны осыған дейін риносептопластикадан кейін алты айлық комаға түскен 22 жастағы қызды да оперирлеген сол дәрігер жүргізген”, – дейді марқұмның ұлы.
Ол дәрігерді адам өліміне әкеп соқтырған кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың 10-16 шілдесі аралығында жеке клиникада жоспардан тыс тексеріс жүргізілген.
Тексеру барысында 3 маусымда ота жасалған кезде емхананың медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмағаны анықталды.
“2025 жылдың 20 наурызынан 3 маусымына дейінгі аралықта кеңес беру және хирургиялық араласу кезінде Medina Plastic Surgery ЖШС-да мына мамандықтар бойынша медициналық қызметке мемлекеттік лицензия болмаған: пластикалық хирургия, анестезиология және реаниматология, нейрохирургия, ересектерге стационарлық көмек көрсету”, – деп хабарлады ведомство.
Мемлекеттік лицензия емханаға тек пациент көз жұмғаннан кейін, яғни 2025 жылдың 17 маусымында ғана берілген.
“Пациентке көрсетілген медициналық көмектің сапасыздығы туралы өтініш департаментке лицензия берілгеннен кейін, 2025 жылдың 3 шілдесінде түсті. Осылайша, департаментке пациенттің қаза болғаны туралы өтініш түскенге дейін хабарланбаған”, – делінген хабарламада.
Тексерістен кейін департамент 2025 жылдың 28 тамызында Medina Plastic Surgery ЖШС-ның лицензиясын кері қайтарып алған.
Сондай-ақ тексеріс қорытындысы бойынша материалдар Астана қаласы полиция департаментіне құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.