Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы мерзімінің 6 айдан 4 айға дейін қысқаруына қатысты пікір білдірді.
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы мерзімінің 6 айдан 4 айға дейін қысқаруына қатысты пікір білдірді. Шенеуніктің айтуынша, мәселе бұрынғы модельге қайта оралу туралы болып отыр, деп жазады Tengrinews.kz
Үкімет кулуарында журналистер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мерзімін 6 айдан 4 айға дейін қысқартудың қаншалықты әділетті екенін сұрады. Бұл ретте азаматтардың алдын ала жарна аударғаны және қиын өмірлік жағдайға тап болуы мүмкін екендігі ескерілген.
Еңбек министрлігінің басшысы Ертаев бұл өзгерістің бұрынғы механизмге қайта оралу екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекеттің негізгі міндеті тек жәрдемақы төлеу емес, қолда бар бос жұмыс орындары арқылы азаматтарды жедел жұмысқа орналастыру.


