Енді әрбір қазақстандық бір тәулікте 140 литрден артық су пайдалана алмайды

0
101

Бұл шектен асқандар қосымша ақы төлеуге міндетті болады.


Енді әрбір қазақстандық бір тәулікте 140 литрден артық су пайдалана алмайды

Ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қазақстанда енді әрбір азаматқа тәулігіне 140 литр ауыз судан артық қолдануға болмайды. Жаңа тәртіпті бұзғандар үшін тариф 30 пайызға қымбаттайды, деп жазады ulysmedia.kz.

Министрлік бекіткен нормаға сәйкес, әр адамға бір күнде 140 литр су беріледі. Бұл шектен асқандар қосымша ақы төлеуге міндетті болады. Шенеуніктердің айтуынша, мұндай шара суды үнемдеуге бағытталған.

Бұрынғы жүйе бюджетке салмақ түсірген

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұловтың сөзінше, бұған дейін өңірлерде су тарифі әртүрлі есептелген. Мемлекет жергілікті жүйелерді субсидиялап келгендіктен, бюджетке қосымша ауыртпалық түскен.

— Қазіргі таңда бір адамға тәулігіне 140 литр толық жеткілікті деп есептейміз, — деді ол.

Сарапшылар пікірі

Экономист Сапарбай Жобаев жаңа норма көпшілікке ауыр тимейтінін айтады. Оның пікірінше, қазақстандықтардың орташа тәуліктік шығыны 100–120 литрдің шамасында.

— Бұл өзгеріс халықтың қалтасын қақпайды. Бірақ суды үнемдеуге ынталандырады. Артық жұмсайтындар үшін тәртіп орнатады, — деді ол.

Қашан күшіне енеді?

Жаңа ереже 13 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Осы күннен бастап әр литр су есепке алынып, артық пайдаланған жағдайда азаматтар қосымша төлем жасайды. Үкімет халықты ысырапшылдықтан арылып, тіршілік нәрін үнемдеуге шақырып отыр.