Елімізде екі ислам банкі жұмыс істейді.
Фото: freepik
ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова исламдық қаржыландыруды дамыту үшін қандай жағдайлар жасалатынын айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыруға жеке ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік "Абу-Даби коммерциялық банкі" және қазақстандық Заман Банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан аз. Заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын "исламдық терезелер" арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді", – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Агенттік төрағасы БАӘ, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын "исламдық терезелер" моделін пайдалану ұсынылатынын айтты.
"Исламдық терезелер" моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген", – деді ол.