Жыл басында Қазақстанда банк секторын цифрландыруға қатысты бірқатар норманы қамтитын банктер туралы жаңа заң қабылданды.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Бұл туралы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, реттеуші орган цифрлық қаржы активтерін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Оның ішінде стейблкоиндер мен криптоактивтерге қатысты жобалар да бар. Толыққанды реттеу енгізу қаржы нарығында жаңа саланың қалыптасуына жол ашады, деп жазады stan.kz.
"Біз банктер, сақтандыру ұйымдары, кредиттік құралдар мен облигациялар бар екеніне үйреніп қалғанбыз. Алайда токенизацияланған активтер, цифрлық облигациялар және крипто-фиат арналары жаңа қаржы саласын қалыптастырып отыр. Бұл – үлкен серпіліс. Себебі цифрлық қаржы активтері қаржыландыруға қолжетімді бола түседі", – деді Сүлейменов.
Ол токенизация технологиясы түрлі жобаларға, соның ішінде жылжымайтын мүлікке инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін айтты.
"Мысалы, тұрғын үй кешенін немесе бірнеше пәтерден тұратын блокты токенизациялап, оның үлесін инвесторларға ұсынуға болады. Пәтер сатып ала алмайтын, бірақ жалға беруден табыс алғысы немесе активті кейін қайта сату арқылы пайда тапқысы келетін адамдар осылай инвестиция сала алады. Бұл дәстүрлі банктік несие алмай-ақ қаржы тартуға мүмкіндік береді", – деді реттеуші басшысы.
Сонымен қатар, криптоактивтердің айналымын реттеу мәселесі де қарастырылып жатыр. Оларға қарсы күресудің орнына, криптоалмасу платформаларын лицензиялау және қаржылық мониторинг, банк және салық заңнамасының талаптарын сақтау көзделіп жатыр.
"Криптоактивтермен қылмыстық заңнама арқылы күрескеннен гөрі, олар үшін реттелетін орта қалыптастырған дұрыс. Криптоалмасу алаңдары заңды түрде жұмыс істеп, кірістерді заңдастыру, терроризмді қаржыландыру және салық бақылауы талаптарын сақтауға тиіс", – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазір реттеуші "регуляторлық құмсалғыш" аясында цифрлық қаржы технологиялары бойынша 29 пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Екі банк стейблкоиндермен төлем жасауға мүмкіндік беретін крипто-фиат карталарын шығаруды бастаған.
"Криптоәмиян арқылы төлем жасау қалыпты жағдайға айналады. Бұл кезде стейблкоиндер бірден теңгеге айырбасталады. Финтех қызметтері нарығындағы бәсекенің артуына байланысты банктер мұндай технологияларды белсенді дамытып жатыр. Егер бұл бағытты дамытпаса, бизнесінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін екенін түсінеді", – деп түйіндеді ол.


