Қайғылы оқиға 15 қазан күні сағат 08:00-де Кременчуг ауылына жақын маңайда болған.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Астана-Петропавл тасжолында жантүршігерлік жол апатынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты. Олар мінген көлік екі жүк көлігінің ортасында қалған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қайғылы оқиға 15 қазан күні сағат 08:00-де Кременчуг ауылына жақын маңайда болған. «Audi» көлігіне мінген олар екі жүк көлігінің ортасында қалып, мыжылып қалған. Үшеуі де алған жарақаттарынан сол жерде тіл тартпай кетті.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Ал өзге көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі уақытта кешенді түрде тергеу іс-шаралары жүріп жатыр. Оның негізінде жол апатының себептері мен мән-жайы жан-жақты, толық және объективті түрде анықталады», – делінген ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Полицейлер жүргізушілерге жылдамдықты шамадан тыс асырмау керек екенін, сол сияқты қауіпсіз ара қашықтықты сақтау мәселесін ерекше ескертті. Ал тұман, көктайғақ уақытта және көріну деңгейі нашарлаған сәтте көлікті барынша сақ жүргізу қажет.


