Енді Көк Жайлау шатқалына көтерілу үшін туристер ақы төлейді

0
114

Алматылықтар әлеуметтік желіде Көк Жайлау шатқалына кіру үшін ақы төленетінін талқылап жатыр.


Енді Көк Жайлау шатқалына көтерілу үшін туристер ақы төлейді

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Жуырда туристер ол жерде QR-коды бар тақтайшаларды байқаған. Іле Алатау ұлттық паркінің өкілдері мұның заңды екенін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Енді Көк Жайлауға ақылы түрде кіру туралы жазба желі қолданушыларының назарын аударды. Біреулер ереженің өзгергенін айтса, енді бірі алаяқтардың айласы деп ойлады. Алайда Іле Алатау ұлттық паркінің өкілдері мұның ешқандай алаяқтық емес екенін түсіндірді. Төлем ресми түрде алынады.

“Ұлттық паркке ресми түрде кіріп, төлем жасауға болатын 10 бақылау-өткізу пункті бар. Сонымен қатар бақылау-өткізу пункті жоқ шатқалдарға QR-кодтар орнатамыз. Бұл не үшін жасалады? Себебі заңға сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тегін кіру – заңсыз деп есептеледі”, – деді Іле Алатау ұлттық паркінің бас директорының орынбасары.

Тауда жүрген туристерді ұлттық парк қызметкерлері кез келген уақытта тексере алады. Сондықтан міндетті түрде төлем жасау керек. Бір адамға кіру құны шамамен 590 теңге. Ал Алматы қаласының туризм басқармасындағылар тауды жақсы көретіндер үшін жағдай жасауға барынша тырысып жатқанын айтады.

“Шамамен 1000 шақырым тау жолдары цифрландырылды. Оның 850 шақырымы абаттандырылған. Қазір олардың барлығы 2GIS-те қолжетімді. Бұл туристерге маршруттарға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Жыл сайын біз 100 шақырым тау жолын абаттандырамыз. Абаттандыруға ақпараттық тақталар, көрсеткіштер, түрлі түсті белгілер, қалқалар және демалысқа арналған алаңдар кіреді”, – дейді Алматы қаласы туризм басқармасының инфрақұрылым бөлімінің басшысы Дәурен Ерғалиев.

Сондай-ақ демалыс үшін жаңа кемпинг аймақтары жасалып жатыр. Биыл дәл осындай үш аймақ ашылды. Онда үстелдер, самалжайлар және шатыр қоюға арналған орындар бар. Бұл жұмыс жалғаса береді”, – деп сендірді туризм басқармасындағылар.