Ол үшін азамат сотқа өтініш беруге тиіс.
ERNUR.KZ. Несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға қарызын бес жылға дейін шегеру мүмкіндігі беріледі. Ол үшін азамат сотқа өтініш беруге тиіс. Ал құзырлы орган арыз түскеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жауап беруі міндетті, деп жазады stan.kz.
"Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға сәйкес несиесін төлей алмаған борышкерлер 5 жылға дейін қарызын кейінге шегере алады. Бірақ бұл кез келген адамға беріле бермейді. Тек бірнеше микроқаржы ұйымдары мен банктен ақша алып, қайтара алмай жүрген жандар өтініш бере алады. Сондай-ақ жалақысы өте аз, өзіне жетпейтін адам болуға тиіс”, – дейді қаржы министрлігінің өкілі.
Несиені кейінге шегеру үшін алдымен тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша немесе электронды түрде өтініш қалдыру керек. Ол үшін кредиторлардың талаптарын орындай алмайтыныңызды, яғни төлей алмайтыныңызды растау қажет. Одан кейін несие сомасы көрсетіледі. Атыңызда қандай мүлік бар екені, яғни үй немесе көлік рәсімделгені туралы ақпарат та беріледі. Өйткені төлем қабілетін қайта қалпына келтірген кезде жалпы қарыз мөлшері мүлік құнынан аз болуы керек және тұрақты табыс болуы шарт.
“Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі жақтың да, яғни борышкер мен қаржы ұйымының келісімі қажет. Айта кетейік, борышкердің өтініші қабылданған жағдайда қарызының үстінен қосылатын пайыз тоқтатылады. Жаңа несие берілмейді”, – деді қаржы министрлігінің МКК дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева.