Қарағанды облысының әкімі коммуналдық жағажайларды жайластыру жұмыстарын да сынға алды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев су айдындарын патрульдеу және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жұмыссыздарды тартуға шақырды, деп жазады BAQ.KZ.
Қарағанды облысының әкімі коммуналдық жағажайларды жайластыру жұмыстарын да сынға алды.
Жазғы кезеңде су айдындарындағы профилактикалық жұмыстарды бәсеңдетуге болмайды. Адамдар демалғысы келеді. Бірақ сіздер оларға қай жерлер қауіпті екенін жеткізулеріңіз керек. Бұл тұрғыда шомылуға тыйым салу белгілерінің көмегі аз. Жұмыспен қамту орталықтарымен жұмыс жасап, ТЖД құтқарушыларымен және полициямен бірге профилактикалық жұмыс жүргізетін жұмыссыздар қатарынан адамдарды тарту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігінде өткен жұмыс кеңесінде.
Қарағанды облысы бойынша шомылу маусымы басталғаннан бері барлығы төрт адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған бала қаза тапты.
Бұл қайғылы оқиғалар Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандарында және Қарағандының Федоров су қоймасында болды – барлығы шомылу үшін белгіленбеген жерлерде орын алды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50%-ға төмендегенімен, алдын алу жұмыстарын әрі қарай жалғастыруымыз керек, – дейді Қарағанды облысының ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов. Қазіргі уақытта облыста шомылуға тыйым салынған 240 орын бар, олар ескерту белгілерімен жабдықталған. Бұл су айдындарында патрульдеуді күшейту қажет.
«Бүгінгі таңда өңірдің су айдындарында 363 тыйым салу және ескерту белгілері орнатылған. Алайда демалушылар оларды көбіне елемейді», - деп облыстың бас құтқарушысы айтты.
Басқаларға сабақ болу үшін құқық бұзушыларға айыппұл салу керек. Адамдар біздің ең алдымен олардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдайтынымызды түсіне бермейді. Сондай-ақ жағажайларда суға батқандарға алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтарын өткізу қажет. Бұл жұмысқа дәрігерлерді, "Қызыл Жарты Ай" қоғамдық бірлестігінің еріктілерін тарту қажет. Сонымен қатар коммуналдық жағажайларды жайластыру бойынша жұмысты жеделдету қажет. Дүңгіршектерді орнату, құтқару құралдарына арналған орындарды ұйымдастыру қиын емес. 10 күн ішінде нәтижені күтемін, - деп Ермағанбет Бөлекпаев атап өтті.