Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды.
Газ өндірудің негізгі өсімі Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен көзделуде.
«2024 жылы тауарлық газ өндіру көлемі 28,7 млрд текше метрді құрады. 2025 жылға арналған өндіріс жоспары – 29,4 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында 7,3 млрд текше метр өндірілді», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Ол 2024 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктеріне 21,2 млрд текше метр жеткізілгенін айтты. 2025 жылға болжанып отырған тұтыну көлемі шамамен 21,3 млрд текше метрді құрайды.
2024 жылы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,7 млн тоннаны құрады. 2025 жылға арналған жоспар 1,7 млн тонна және 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шамамен 0,5 млн тонна немесе 107,7% өндірілді.
Тауарлық газ өндірісі жаңа ГӨЗ іске қосу есебінен ұлғайтылады. Энергетика министрінің деректері бойынша Қазақстан газының болжамды балансы бойынша тауарлық газ өндіру көлемі тұрақты өсуде. 2024 жылы 28,7 млрд текше метрден 2030 жылға қарай 34,6 млрд текше метрге дейін ұлғаю байқалады.
«Бүгінде Қазақстан газ саласында геологиялық барлау жұмыстарын белсенді дамытуда. Негізгі басымдықтардың бірі көмірсутектердің барланған қорларының көлемін ұлғайту болып саналады. Осының шеңберінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазіргі уақытта мемлекеттік Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (ЖҚҚББ) енгізілетін 15 жер қойнауы учаскесі бойынша жұмыстар жүргізуде», — деп атап өтті министр.
Ерлан Ақкенженов бүгінгі таңда QazaqGaz-дың «Аққұдық» және «Шалқар» учаскелеріндегі әлеуетті инвестор «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ-мен, КТ-III учаскесіндегі Chevron (АҚШ) компаниясымен, Северный-2 учаскесіндегі «ҚазАзот» ЖШС-мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімдері бар екенін хабарлады, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен Северный-1 учаскесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Gas Solution әлеуетті инвесторы «Самтыр Солтүстік» және «Самтыр Оңтүстік» учаскелері бойынша қызығушылық танытып отыр.
Алдын ала бағалау бойынша, жоғарыда аталған барлық жобалар бойынша газдың жиынтық ресурстары шамамен 535,5 млрд текше метрді және жиынтық құны 200 млрд теңгені құрайды.
«Сонымен қатар 2026-2030 жылдар аралығында 4 газ өңдеу зауытын: қуаттылығы жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған кен орнының, қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр құрайтын Қарашығанақ кен орнының шикізаты базасында, сондай-ақ қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ ГӨЗ кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталады», — деді министр.
Оның айтуынша, Қашаған кен орнының шикізат базасында газ өңдеу зауыттарын салу үшін қатарлық инвестор UCC Holding компаниясы тартылған. Қазіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» арасында осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттары келісілуде.
Қарашығанақ ГӨЗ құрылыс жобасын жүзеге асыру Оператордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.