Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының отырысы өтті.
Отырыста Ерлан Қошанов Мәжілістегі Nur Otan фракциясының жетекшісі болып сайланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс Спикерінің кандидатурасын Вице-спикер Павел Казанцев ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдады. Өз кезегінде Палата Спикері депутаттарға фракция жетекшісі ретінде қолдағандары үшін алғыс білдірді.
Ерлан Қошанов фракция жұмысын жаңа деңгейге көтеретінін айтып, Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 28 қаңтарындағы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезінде фракция жұмысын қайта бастау туралы тапсырмасына ерекше назар аударды.
Фракция басшысы өз сөзінде партия Төрағасының қойған жеті басым бағытын және оған түбегейлі реформа жасап, қайта құру қажеттігіне назар аударды. Палата Төрағасы барлық депутат сенім мандатын алып, көпшілік депутаттар праймериз арқылы өтіп, өңірлердің тіршілігін жақсы білетінін алға тартты. Сонымен қатар бұл аймақтардағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
Отырыста Мәжіліс Спикері фракция алдында тұрған жаңа міндеттерді ескере отырып, заң жобалау қызметінің сапасын арттыру, депутаттық сауалдардың өзектілігін арттыру, талдау және өңірлердегі жұмыс мәселелері бойынша партияның Орталық аппаратымен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырып, фракция депутаттары ақпараттық жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік желілерге де баса назар аударуы керек екенін айтты.
Мәжіліс Төрағасы ағымдағы жылдың ақпан айында депутаттардың өңірлерге шығуына байланысты фракция мүшелеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Алдағы жұмыстардың маңыздылығын атап өткен Ерлан Қошанов тұрғындармен кездесу азаматтардың нақты мәселелерін жергілікті жерде талқылау арқылы өту керектігін еске салды.
Палата Спикерінің айтуынша, депутаттардың халықпен кездесулері тек орталықтармен, қалалармен ғана шектелмей, шалғайдағы елді мекендерде, ауылдарда өтуі тиіс. Оның ішінде жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында түсіндіріп, ерекше көңіл адару қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ Ерлан Қошанов іссапарлар барысында депутаттар қоғамдық кеңес мүшелермен кездесулер өткiзiп, партияның қоғамдық қабылдау бөлiмдерiнде азаматтарды қабылдап, олардың шынайы мәселелерін көтеруі керек екенін айтты.
Отырыс барысында жаңа міндеттерді ескере отырып, мәжілісмендер фракцияның сапалық құрамына өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фракция төрағасының орынбасары және президиум мүшесі, ал Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Екатерина Смышляева фракция төралқасының мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар, фракция отырысына «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысты.