21 қараша сағат 11:00-де электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылады.
ERNUR.KZ. 21-22 қараша аралығында елімізде "Қыс-2024" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі, деп жазады sputnik.kz.
Министрліктің хабарлауынша, ол "Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау" тақырыбында өтеді.
Оқу-жаттығудың республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан.
Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары, ТЖМ аумақтық бөлімшелері тартылады.
"Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлар салдарын жоюға дайындығы бағаланады", - делінген министрлік хабарламасында.
Практикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесін тексеру жүргізу жоспарланған.
21 қараша сағат 11:00-де электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылады.
Бұл іс-шара халықтың "Баршаның назарына!" бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізіледі.