Есіл өзенінің үстінен жаяу көпір салынады

0
771

Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді.


Есіл өзенінің үстінен жаяу көпір салынады

ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы қоғамдық сейіл құру орындарын қалай кеңейтетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қала тұрғындарының өтініштерін орынау үшін қоғамдық кеңістіктердің (скверлер, саябақтар, бульварлар) қажет екендігін ескере отырып, биыл оларды кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз. Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. Толқын тәрізді аллея аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған көлеңкелі аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз., - дейді Алтай Көлгінов.

Шаһар басшысының айтуынша, бұл Триатлон паркін жаңа бөртегүл бағымен біріктіріп, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді.

«Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық. Өткен жылы қалада алғаш рет көпір алаңдары абаттандырылды. Сарайшық көшесіндегі көпірдің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылды, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл көпір - Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, ол биыл өз жалғасын табады», - дейді әкім.

Астана әкімі Есілдің үстінен велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуды жоспарлап отырғанын да атап өтті.

«Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің ішіне әткеншек орнатамыз», - дейді елорда әкімі.

Сондай-ақ, ол шаһардағы абаттандыру жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқанын еске салады.

«Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыруға кіріскенімізде. Бұл «бетон орындар» санын азайтады. Мысалы, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ пайда болмақ», - деп түйіндеді қала басшысы.