«Қазақстандағы конституциялық референдум: реформалардың жаңа кезеңі» деп аталатын құжаттың авторы – ПАСЕ-дегі Түркия делегациясының депутаты Мехмет Акалын.
фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясында (ПАСЕ) жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформаларға қолдау білдірілген жазбаша декларация қабылданды.
«Қазақстандағы конституциялық референдум: реформалардың жаңа кезеңі» деп аталатын құжаттың авторы – ПАСЕ-дегі Түркия делегациясының депутаты Мехмет Акалын. Декларацияға Еуропа елдерінің ұлттық делегациялары мен түрлі саяси топтарының атынан 22 парламентарий қол қойған.
Құжатта Қазақстанда өткен референдум мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен институционалдық өзгерістердің маңызды кезеңі болғаны атап өтілген.
Декларация авторлары конституциялық реформалардың мақсаттарын құптады. Атап айтқанда, мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді үлгісіне көшу, есептілік тетіктерін күшейту, азаматтардың конституциялық әділ сотқа қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін нығайту оң бағаланды.
Сонымен қатар ПАСЕ Қазақстанның Еуропа кеңесімен ынтымақтастығына да оң баға берді. Декларацияда тараптардың конституциялық даму, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастырып отырғаны айтылған.
Сондай-ақ парламентарийлер Қазақстанның демократиялық институттарды нығайту және құқық үстемдігі қағидаттарын орнықтыру бағытындағы күш-жігерін алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін білдіріп, елді Еуразия өңіріндегі сенімді серіктес деп атады.


