Павлодар облысында мәйіттерді үйінде сақтап, бірге тұрған екі әйел психиатриялық диспансерге жіберілді

0
548

"Майқайың мумиялары" аталып кеткен сұмдық оқиға ақпан айының басында елді дүр сілкіндірген еді.


Павлодар облысында мәйіттерді үйінде сақтап, бірге тұрған екі әйел психиатриялық диспансерге жіберілді

Фото: Сюжет кадрларынан скрин

ERNUR.KZ. Павлодар облысында бір үйде қайтыс болған туыстарының мәйіттерімен бірге тұрып, алты жасар баланы тәрбиелеген қарт әйел мен оның үлкен қызы сотқа тартылмайтын болды. Тергеу нәтижесінде екеуі де есі дұрыс емес деп танылып, психиатриялық диспансерге жіберілді, деп жазады stan.kz.

"Майқайың мумиялары" аталып кеткен сұмдық оқиға ақпан айының басында елді дүр сілкіндірген еді. Бір отбасының иелігіндегі екі жеке үйден үй иесінің және оның кіші қызының мәйіттері табылды.

Анықталғандай, 67 жастағы зейнеткердің кеуіп қалған денесі бөлмеде жарты жылға жуық уақыт жатқан. Ал оның 39 жастағы қызының мәйіті екінші үйден табылды. Бұл үйде алты жасар қыз әжесімен және тәтесімен бірге тұрған. Қабірлердегі жазуларға қарағанда, әйел осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған. Оның ауыр дертке шалдыққаны белгілі болды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, кішкентай қыз осы уақыт бойы анасының мәйітін күтіп, оған бал мен май жаққан. Бала балабақшаға бармаған. Оны әжесі мен тәтесі үйде отырып, сауатын ашып, өздері оқытқан.

Мумияға айналған мәйіттер жер қойнына тапсырылғаннан кейін үй иесі болған қарт әйел мен оның үлкен қызы тергеуге алынды. Оларға марқұмдардың мәйіттерін қорлау және алаяқтық жасады деген күдік келтірілді. Тергеушілер әйелдер қайтыс болған әкесінің зейнетақысын алып отырған болуы мүмкін деп есептеген.

Алайда іс соңында жабылды. Сараптамалар нәтижесінде күдіктілердің екеуі де есі дұрыс емес деп танылды. Ал алты жасар қызды басқа отбасы қамқорлығына алды.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдарының барлығы жүргізілген. Кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша екі әйел де өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын жағдайда деп танылып, мамандандырылған психиатриялық диспансерге орналастырылды.