Елге қайтуға келіскендер ғана Қазақстанға жеткізілді.
ERNUR.KZ. 17 қазақстандық түрлі себеппен Газа секторынан кетуден бас тартты. Олар отбасы мүшелерімен бірге қалуды жөн көрген. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров хабарлады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, эвакуация кезінде Газа секторында 161 қазақстандық болған. Олардың 99-ы ұшуға ниет білдіргендіктен, ҚР СІМ қажетті мүмкіндікті ұсынды.
«Біздің елдің бірқатар азаматы, яғни 17 адам, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері әртүрлі себеппен эвакуациядан бас тарту туралы шешім қабылдады. Тек елге қайтуға келіскендер ғана Қазақстанға жеткізілді», - деді Қ. Омаров.
Ол алдағы уақытта қазақстандықтар ұшып кетуге ниет білдірсе, олармен құзырлы органдар жұмыс істейтінін айтты.
«Кейбір азаматтың қолында билеті дайын, олар ұшып шыққысы келіп отыр. Олармен Мысырдағы, Иорданиядағы, Израильдегі өкілдіктеріміз жұмыс істеп жатыр», - деді ол.
Бұған дейін Алматыға Газа секторында болған қазақстандықтар мен олардың отбасыларымен бірге эвакуациялық рейс келген болатын. Ұшақ бортында 99 адам болды.