Газдандыру бойынша қай өңір көш бастап тұр?

0
274

Биыл газ тарату жүйесі ұлғайып, бірнеше ауқымды жобаның құрылысы мәресіне жетіп, іске қосылады деп жоспарланған.


Газдандыру бойынша қай өңір көш бастап тұр?

Елімізде тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше жылдан бері қарқынды жүргізіліп келеді. Соның арқасында қала немесе аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдарға да таза ауысу, сапалы электр қуаты және табиғи газ тартылуда. Тиісінше, үйді-үйге көгілдір отынның жеткізілуі адамдарды отын жинау, жару, пешке от жағу, көмір тасу секілді машақаттардан босатып отыр.

Мұндай жұмыстардың басым бөлігі халық саны 2 миллионнан асатын Түркістан облысында атқарылып жатқанына куәміз. Мәселен, 2023 жылдың соңындағы көрсеткішке сәйкес, өңірдегі 829 елдімекеннің 510-ы көгілдір отын тұтынып отырған. Сондай-ақ, былтыр аймақты толықтай табиғи газбен қамтуға арналған «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» аясында жүз он бес нысанды салуға қаражат бөлініп, жыл бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жетпіске жуық елдімекенге табиғи газ берілген. Ал биыл тағы 45 елдімекенге табиғи газ жүйесі тартылмақ. Бұл жөнінде жуырда ғана облыс әкімі лауазымына тағайындалған Нұралхан Көшеров ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында баяндаған болатын.


● Өңірде жыл бастала сала бірнеше ауылға табиғи газ беріліп үлгерді. Мәселен, 2025 жыл кіре салысымен Шардара ауданындағы Ақберді ауылының адамдары қуанышқа кенелді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, бұған дейін 10 ауыл мен Шардара шаһарындағы 12 шағын аудан көгілдір отын тұтынып келген.


● Облыс әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қазіргі уақытта Сайрам ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталған соң, аумақты табиғи газбен қамту көрсеткіші жүз пайызға жетпек. Осы уақытқа дейін Сайрамға қарасты 42 ауылдың 37-сіне сұйық отын тартылған екен. Ол ауылдарға үш бірдей газ тарату бекеті қызмет етіп жатыр.


● Биылғы жылдың басында Бәйдібек өңіріндегі бірнеше ауыл табиғи газға қол жеткізді. Жыл аяқталғанша тағы 4 ауылға газ желісі тартылады да, көгілдір отын тұтынатын ауылдар саны 36-ға жетеді деп жоспарланып отыр.


● 2025 жылдың басынан бері облыстағы табиғи газ беру саласы бойынша көш бастап тұрған аймақтың бірі – Жетісай ауданы. Атап айтқанда, алдымен мыңға жуық халық тұратын Халықтар достығы және Жалпаққұм ауылдарына газ берілген. Содан соң, облыс әкімі Жетісай ауданына барып, Әбдіхалық ауылындағы газ құбыры іске қосылғанда, тағы он мың тұрғыны бар бес ауылға газ жеткізілетіні мәлім болды. Артынша аудандағы тағы 3 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Жалпы, 2024 жылы ауданда жеті ауылға табиғи газ тартылған. Енді 2027 жылға дейін аудан халқын толықтай газбен қамту көзделіп отыр. Былтыр ауданды газдандыру көрсеткіші 67 пайыздан асса, 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 85 пайыздан асып жығылмақ.


● Биылғы жылдың басында үш жүздің басы қосылған Ордабасы ауданында үш бірдей ауылға табиғи газ берілді. Оның алғашқысы 220-дан астам үйі бар Төреарық ауылы. Екіншісі 300-ге жуық абонентке газ қосылған Көктөбе ауылы. Тағы біреуі – 200-ден астам отбасы өмір сүретін Амангелді елді мекені. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін аудандағы алпысқа жуық ауылдың 61 пайыздан астамы көгілдір отынға қол жеткізген. Бүгінгі таңда Шұбар, Береке, Сарытоғай және Тоқсансай ауылдарына табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспарға сәйкес, бұл ауылдардың халқы наурыз айының ішінде көгілдір отынның иігілігін көре бастауы тиіс.


Жалпы, 22, миллионнан аса тұрғыны бар Түркістан өңірі дәл қазір елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап келеді. 2024 жылдың өзінде елуден астам елдімекенге табиғи ресурс жеткізілсе, биыл да елуге жуық ауылдың азаматтары қуанышқа кенелмек. Соның арқасында биылғы жылдың соңына дейін облыстағы 600-ден аса елдімекенге көгілдір отын жеткізілетін болады.


Осы ретте «мемлекет бұл елдімекеннің барлығына қалай газ жеткізеді?» деген заңды сауал туындайтыны рас. Тиісінше, ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасында газ өндірісі ұлғайып, табиғи ресурсты тасымалдайтын жүйе кеңейе түсетінін мәлім етті. Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, былтыр елімізде 59 миллиард текше метр газ өндірілген болса, биыл бұл көрсеткіш 62,8 миллиард текше метрге жеткізілмек. Осы орайда, тапшылық мәселесін болдырмау үшін Жаңаөзен және Қашаған қалаларында газ өңдеумен айналысатын ірі зауыттар салынып жатыр. Ал Әулиеата өңірінде «Бахранная» деп аталатын кен орны іске қосылған.


Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы ел тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 62 пайызға жуықтаған. Биыл бқл көрсеткіштің едәуір жақсаратыны сөзсіз. Себебі, биыл газ тарату жүйесі ұлғайып, бірнеше ауқымды жобаның құрылысы мәресіне жетіп, іске қосылады деп жоспарланған.


Сонымен қатар, жыл басында министр еліміздің Шығыс және Солтүстік аумақтарын газбен қамту жұмыстарын атап өткен еді. Айтуынша, қазір бұл салада оң өзгеріс орын алып жатыр. Алпы, аталған аумақтарды газдендырудың екі жолы қарастырылған. Біріншісі – Қазақстан аумағын кесіп өтетін «Ресей-Қытай» транзиттік дәлізі арқылы Қазақстанның пайдасына 10 миллион текше метр табиғи газ алу мүмкін болмақ. Екінші жолы – «Сарыарқа» газ желісін кеңейту. Бұл бағытта қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп, «ҚазТрансГаз» тарапынан жобаны жасақтау жұмыстары атқарылып жатыр екен. Одан бөлек, министрлік елімізге газ жеткізетін құбыр Ресей схемасына енгенін хабарлаған болатын. Атап айтқанда бұған Ресей Федерациясы газдандыру құбырының жүйесіне өзгеріс енгізген. Сол өзгерістің ішінде Қазақстан Республикасы аумағына 10 млрд текше метр табиғи ресурс жеткізетін желі жүргізу жоспары бар.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ