"Оның құрғақ сөздеріне сеніп қалдым"
Сурет: img.freepik.com
"Жастай тұрмысқа шықтым. Сүйгенімнің уәдесіне сеніп, бақытты болам деп ойладым. Бірақ, өкінішке орай ондай бақытты сезіне алмадым" дейді көзіне жас толған келіншек.
Онымен тілдескен ERNUR.KZ порталының тілшісі оқиғаның мән-жайын тарқатып ұсынады.
"Он алты жасымда тұрмысқа шықтым. Әлбетте менің ойымша ол кезде «бойжеткен қыз» болып өсіп қалғанмын. Жанымда сүйіктім бар. Оның әдемі сөздеріне иланып, тұрмысқа шығуға асықтым. Ата-анам тұрмысқа шығам деген шешіміме "әлі ерте" деп қарсы болғандықтан, күйеуім мені өз келісіміммен алып қашқан болатын.
Олар хабар жеткен бойда ақ шымылдықтың ішінде ақ жаулық жамылып, сызылып отырған мені жұлып алып кетпекші болды. Бірақ мен "Өзім ұнататын адамым, қаламын" дедім.
Тұрмыс құрған қыздың мойнына үлкен жауапкершіліктің артылатынын тұла бойыммен сезіне алған жоқпын. Болашағымның қалай боларын, қайда бара жатқанымды терең түсіне алмадым. Терең ойлай алатындай жағдайда емеспін ғой, баламын әлі. Сол кезде күйеуімнің маған берген уәделеріне сендім.
Ол маған үйленбестен бұрын үйіп-төгіп уәде берген. «Сені жанымнан артық жақсы көрем. Ертең үйленсек, үйде отырып қалмайсың. Колледжді бітірген соң ары қарай оқытамын, университетте оқуыңды жалғастырасың. Мен сені бақытты етемін, балаларымыз көп болады» деген құрғақ сөздеріне сеніп қалдым. Келіндік өмірдің бүге-шігесіне мән беріп үңілмеген мен үшін жұмбақ өмір басталды. Өкінішке орай, сол уәделерінің 90 пайызы орындалған жоқ.
Бастапқыда бір-бірімізсіз күн жоқтай көрініп күйеуге шығып алғанмен, уақыт өте «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін түсіндім. Түсінген кезде кеш еді. Арамыз дұрыс болмай, ақыр соңында ажырастық.
Ажырасқаныма өкінбеймін. Ол үйде бақытты болған жоқпын. Тұрмысқа шыққаныма да өкінбеймін. Аллам маған сүп-сүйкімді, ақылды қыз берді.
Ажырасқан күннен бастап жолдасым екеуміз мүлдем араласпадық. Содан бері алты жыл өтті. Қызым әкесіз өсіп келеді. Бірақ, ата-енем немерелерін сағынғанда апарып көрсетіп тұрамын немесе өздері келіп кетеді.
Солай ажырасқанымызға үш жыл өткенде «екінші рет тұрмысқа шық» деп жеңгелерім үгіттеді. Бірақ менде қайта тұрмысқа шығуға деген ниет болмады. "Ол адам қызымды қалай қабылдайды, қызымның болашағы қалай болады?" деп тартыншақтай беремін.
Өзіммен тағдырлас бір жігітпен танысқан болатынмын. Ол да ажырасып кеткен, екі баласы бар екен. Бірақ балаларымен араласып тұрады. Менің оған ешқандай қарсылығым жоқ, дұрыс балаларына барғаны. Мені алаңдататыны басқа нәрсе.
Оның мінезі өте қиын. Тым сабырсыз, ашушаң. Әңгімені соңына дейін тыңдамастан айқайлап шығады. Бірақ тез басылады. Қатты ашуланған кезде ұрып жіберетін сияқты сезіледі, содан қорқам.
Балаға жақсы қарайтын, қызымды өз перзентіндей қабылдайтын ер-азаматты табу қиын сияқты. Екінші рет қателеспеу үшін не істеу керек?"