Грантқа ілікпеген талапкерлер не істейді – министрлік кеңес берді

0
96

Биыл 77 мыңнан астам талапкер грант иегері атанды.


Грантқа ілікпеген талапкерлер не істейді – министрлік кеңес берді

фото: Sputnik/Ертай Сарбасов

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік білім грантына іліге алмаған талапкерлер үшін өзге де гранттар мен жеңілдіктер қарастырылғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Университетішілік ректор гранттары

Белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге оқу орындары тарапынан берілетін арнайы гранттар. 2025 жылы мұндай гранттардың жалпы саны 2 000-нан асты. Мысалы, "Туран-Астана" университеті негізгі ҰБТ-дан 100-ден астам бал жинап, "Алтын белгі" иегері атанған талапкерлерге 4 жылдық ректорлық гранттар ұсынады. Ал Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөліп отыр.

Жергілікті әкімдік гранттары

Әлеуметтік аз қамтылған немесе сұранысқа ие мамандық иелерін дайындау мақсатында облыстық, қалалық әкімдіктер бөлетін білім гранттары. Мысалы, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 1 700-ден астам білім грантын бөлді.

Жұмыс берушілердің арнайы гранттары

Бұл гранттар жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде ұсынылады және болашақ мамандарды жұмыспен қамту мақсатын көздейді.

Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары

Мысалы, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры 500 грант ұсынады, "KAZENERGY" қауымдастығы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының қаражаты есебінен инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша оқуға төлем жасауға қолдау білдіреді, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы "Murager" білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, ауылдық жерлерден шыққан жастарға уран өндіру мен өңдеу, геологиялық барлау, ядролық отын циклі, энергетика, экология және ғылым салаларымен байланысты бағыттарда гранттар ұсынады.
Сонымен қатар кейбір талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін, осы кезде мүмкіндік келесі жоғары бал жинаған талапкерлерге беріледі немесе ақылы бөлімде оқуды бастап, кейінгі оқу кезеңінде оқу үлгеріміне қарай бос грантқа өтуге мүмкіндік бар.
Еске сала кетейік, бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімін жариялады.