Грантқа құжат қабылдау басталғалы 65 мың өтініш түскен

0
458

135 мың адам ҰБТ-да шекті балл жинаған, олар грант конкурсына қатыса алады.


Грантқа құжат қабылдау басталғалы 65 мың өтініш түскен

ERNUR.KZ. Грант конкурсына өтініштер қабылдау басталғалы бері талапкерлерден 65 мың өтініш келіп түсті, деп жазады sputnik.kz.

Министрліктің мәліметінше, өтініштердің басым бөлігі, атап айтқанда, 25 мыңы алматылық жоғары оқу орындарына тапсырылған. Астананың оқу орындарында оқу үшін 12 мың өтініш қабылданса, 3,5 мың адам Қарағанды облысының университеттерінде оқуға ниет білдірген.
Талапкерлердің таңдауы ішінде ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында "Педагогикалық ғылымдар" (17 мың), "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" (12 мың) және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" (9 мың) қалып отыр.
Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш "Ақпараттық технологиялар" - 7 мың. Ары қарай "Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлауға" - 3,7 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында "Медицина", оны 2,8 мың талапкер таңдаған.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау 20 шілдеге дейін жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Құжаттарды кез келген жоғары оқу орындары (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.
Еске сала кетсек, 135 мың адам ҰБТ-да шекті балл жинаған, олар грант конкурсына қатыса алады.