ІІМ онлайн-есірткі саудасына қарсы күресті күшейтті

0
96

Есірткі жарнамасы бойынша 133 қылмыстық іс тіркелген.


ІІМ онлайн-есірткі саудасына қарсы күресті күшейтті

ERNUR.KZ. Былтырдан бері ҚР Ішкі істер министрлігінің құрылымында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті жұмыс істейді. Комитет мемлекеттік органдар, интернет-алаңдары және әлеуметтік желілер арқылы қылмысты анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жолға қойды. Осылайша, 8 айдың қорытындысы бойынша 2388 есірткі қылмысы анықталды, 14 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, оның үшеуі трансұлттық. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 жетекшісі мен 52 белсенді қатысушысы қамауға алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, заңсыз айналымнан 13,5 тонна есірткі тәркіленді, бұл ретте оның синтетикалық түрлері өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық, яғни 1 мың тоннадан астам зат тәркіленді. Заңсыз айналымға 7 млн-нан астам доза жіберілмеді.

«105 жасырын есірткі зертханасы таратылды, оның 12-сі синтетика өндірумен айналысқан. 24 мың тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді. Мәселен, осы жылдың мамыр айында Алматы облысында өнеркәсіптік ауқымда синтетика өндіретін зертхананың қызметі тоқтатылды. ТМД елдерінің бірінің азаматы ұсталды, 140 келіден астам дайын өнім және 8 тоннадан астам химиялық зат тәркіленді, олардан 4 тоннаға жуық синтетика дайындау жоспарланған. Сондай-ақ каннабис тобының есірткі өсіретін 93 фитолабораториясы таратылды», – деді Қуандық Әлжанов.

Сонымен қатар 114 өңіраралық есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды, 2 сыртқы канал жабылды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті интернетте есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде интернет-кеңістік мониторингі бойынша ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр. Жетекші қазақстандық IT-компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың мамандары тартылады. Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп «Киберқадағалау» жүйесі арқылы бұғаттауға арналған есірткі сайттары анықталып жатыр.

«Telegram мессенджері арқылы аккаунт иелерін анықтау бойынша тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылған. 170 ірі интернет алаңы орнатылды. Есірткі бизнесінде 2,6 млрд теңгеге пайдаланылатын 44 мыңнан астам карт-шот бұғатталды», – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар комитет есірткі қылмысының алдын алуға ерекше назар аударады. Өткізілетін акциялар саны 13 мыңға жетті, 1 млн 300 мың бала, жасөспірім мен жастар қамтылды. Граффити, QR кодтары анықталады. Есірткі жарнамасы бойынша 133 қылмыстық іс тіркелген. Бұл жұмысқа жүзден астам ҮЕҰ мен еріктілер белсенді түрде қосылды.