ІІМ шетелдік көлігін заңдастырып үлгермеген азаматтарға мәлімдеме жасады

0
2 091

Шетелдік көліктерді заңдастыру қаңтар айында басталды.


ІІМ шетелдік көлігін заңдастырып үлгермеген азаматтарға мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру бағдарламасы аяқталды. Ішкі істер министрлігі соңғы өзгерістерге байланысты уақытша есепке қою жұмыстары жүргізілетінін айтты, деп жазады stan.kz.

Шетелдік көліктерді заңдастыру қаңтар айында басталды. Осы алты ай ішінде елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кірген көліктер тіркеуден өтті. 192 мың көлік қазақстандық нөмір алды. Оның он мыңы- құрастырмалы көлік. Ақтөбе облысында 19 мың көлік тіркелген.

“Бұдан басқа соңғы өзгерістерге байланысты уақытша есепке қою жұмыстары жүргізілетін болады. Басқа мемлекетте есепте тұрған немесе т.б жағдай тұрған көліктер заңға қайшы емес сол автокөліктерге бес жылға есепке қою жұмыстары жалғасады. Олар 5 жылға тіркеледі. Осы 5 жылдың ішінде егер ол азамат көлігіне шектеу болмаса, есептен шығарса, жалпы негізде заңдастыруға құқығы бар”, – дейді Ақтөбе облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтеген.

Елімізде соңғы үш жылда жол-көлік оқиғасы 9 пайызға өскен. Салдарынан 6,5 мың адам қаза тауып, 55 мың адам жарақат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты.

"Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, ертеңнен бастап елімізде басқа елдің нөмірін таққан көліктер заңсыз деп танылады. Бірақ Ішкі істер министрлігі мұндай темір тұлпар иелеріне ішкі сақтандыру полисі аяқталғанша жүруге рұқсат беріп отыр.