Индонезияда қазақстандықтардың ұсталуы: СІМ өкілі мән-жайды айтты

0
126

Қазақстанның Джакартадағы елшілігі тергеу органдарымен және айыпталушылардың туыстарымен байланыста.


Индонезияда қазақстандықтардың ұсталуы: СІМ өкілі мән-жайды айтты

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда Қазақстан азаматтарының ұсталуына қатысты мән-жайды айтып берді, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиғаның мән-жайы

ҚР Сыртқы істер министрлігі Индонезияда есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен екі қазақстандық ұсталғанын хабарлаған болатын.

Қазақстанның Джакартадағы елшілігі тергеу органдарымен және айыпталушылардың туыстарымен байланыста. Оқиға Қазақстан дипломаттарының бақылауында.

Қазақстандықтар консулдан көмек сұраған

СІМ өкілі Әлібек Бақаевтың айтуынша, индонезиялық тарап еліміздің азаматтарына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
"Индонезиялық тарап қандай да бір шешімге келген бойда бізге хабарланады. Өз тарапымыздан үнсіз отырған жоқпыз, елшілік, консулдарымыз жұмыс істеп жатыр. Бұл азаматтармен байланыс бар ма деп сұрадыңыз. Үшінші елдің азаматтары ұсталған жағдайда, сол елдің билігі үшінші елдің елшілігіне азаматтарының ұсталғаны туралы хабарлайды. Консул байланыста", – деді Әлібек Бақаев Сенат кулуарында.

Оның айтуынша, ұсталған қазақстандықтар консулдық көмек сұраған. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан мен Индонезия арасында сотталған азаматтарды беру туралы екіжақты келісім жоқ.

"Бүгінде Индонезиямен мұндай құжаттарға қол қойылмаған, бірақ 2014 жылдан бері қазақстандық тарап Индонезия жағына аталған құжаттарға қол қою жөнінде ұсыныс берген. Осы күнге дейін мұндай жағдайлар болмағандықтан, тәжірибе тұрғысынан ондай қажеттілік болмады. Ал қазір ондай қажеттілік туындап отыр, сондықтан бұл үдеріс жеделдейді деп ойлаймын", – деді Бақаев.

Еске салайық, Индонезия БАҚ-тарында АҚШ азаматы мен екі қазақстандықтың есірткіге байланысты қылмыс жасады деген күдікпен Бали аралында ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Қазақстандықтар биыл сәуірде ұсталған, олардан шамамен 49 грамм кристалды метамфетамин табылған. Ұсталғандар есірткі таратты деп айыпталып отыр, оларға өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Индонезияда есірткі қылмыстары үшін қандай жаза қолданылады

Индонезияда есірткі сақтау және заңсыз айналымы үшін өлім жазасы қарастырылған. Егер есірткі мөлшері өңделмеген есірткі (мысалы, марихуана) үшін бір келіден, өңделген есірткі (мысалы, героин немесе кокаин) үшін бес граммнан асса, ең жоғарғы жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.