Инемен емдеу мен хиджама: үкімет дәстүрлі емес медицинаны заңдастыруға кірісті

0
168

Заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр.


Инемен емдеу мен хиджама: үкімет дәстүрлі емес медицинаны заңдастыруға кірісті

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі емес медицина бойынша лицензия беру тәртібін әзірлеуге кірісті, деп жазады sputnik.kz.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтың айтуынша, парламент тарапынан дәстүрлі емес медицина бойынша лицензия беру мәселесіне қатысты сауал түсті. Қазіргі кезде мамандар осы мәселені зерделеп жатыр.
"Біз депутаттық сауалды алдық. Қазір қажетті нормаларды әзірлейміз. Осы саладағы қарым-қатынастарды заңды түрде реттеу керек, лицензия беруді енгізу қажет. Негізі бұған дейін бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Жақын арада біз тиісті заңға енгізілетін түзетулерді әзірлейміз деп ойлаймын. Сөйтіп заңнамаға енгіземіз", - деді Жүсіпов үкіметте өткен брифингте.
Дәстүрлі емес медицинаға фитотерапия, гомеопатия, акупунктура, гирудотерапия, хиджама, инемен емдеу, аюрведа, остеопатия, тибет және қытай медицинасы кіреді.
Айта кетері, 2023 жылы жаңа туған нәрестеге хиджама жасаған орталықтың видеосы халықтың ашуын туғызды. Орталық маманы сәбидің маңдайын тіліп, қан шығарған. Медбикенің лицензиясы да, клиникалық қызметке рұқсат беретін куәлігі де болмаған. Сол кезде министрлік тексеріс өткізіп, нәтижесін жариялаған болатын.