Instagram желісінде қазақстандық әртістерінің музыкасы неге жоғалып кетті: Себептері белгілі болды

0
178


Instagram желісінде қазақстандық әртістерінің музыкасы неге жоғалып кетті: Себептері белгілі болды

ERNUR.KZ. Instagram мен Facebook қолданушылары енді қазақстандық музыканы жарияланымдарында пайдалана алмайды. Бұған Қазақстан авторлар қоғамының талаптары себеп болған, деп жазадв Stan.kz.



Олар Meta компаниясынан авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе оны пайдалану құқығын беру үшін төленетін ақыны арттыруды сұраған. Қазақстандық авторлар қоғамы төлемдердің жеткілікті түрде түспейтінін айтып, шағымданып отыр.

Бұл шектеулер қазақстандық әртістердің наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Әншілер мен композиторлар авторлық құқықтың сақталуы қажеттігін қолдағанымен, Қазақ авторлар қоғамы қаржылық есеп беруі мен авторларға төлем жүргізу механизмдеріне күмән келтірді.

Meta-ның әлеуметтік желілерінде қазақстандық орындаушылардың танымал әндері жоғалып кеткені туралы мәселе бірнеше апта бұрын белгілі болды. Журналист Әділ Балтабаев бұл жағдайдың себебін анықтады. Ол Instagram парақшасында Қазақстан авторлар қоғамы мен Meta арасындағы келісім мерзімі аяқталғанын жазды.

"Тек бір сұраққа жауап іздедім: неге қазақстандық музыка Instagram-нан жоғалып кетті? Қазақстан авторлар қоғамы мен Meta арасында қазақстандық әртістердің музыкасын қолданғаны үшін "роялти" (авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе оны пайдалану құқығын беру үшін төленетін ақы) төлеу туралы келісім болған. Алайда авторлар қоғамы төлем мөлшерін аз деп тауып, оны көбейтуді талап етті. Келіссөздер басталды. Бұл процесс жүріп жатқанда келісімнің мерзімі аяқталғандықтан жаңа келісім жасалмады. Осылайша Meta Қазақстан авторлар қоғамы келісімшарттары бар барлық қазақстандық авторлардың музыкасын платформадан алып тастады. Бұл танымал әртістердің басым бөлігін қамтыды", – деп жазды Балтабаев.

Бұл жағдай Қазақстан авторлар қоғамы мен Meta арасындағы келісімнің қайта қаралуы қажеттілігін көрсетеді. Қазақстандық әртістердің құқықтары мен олардың тыңдармандарының қызығушылықтары сақталуы үшін тараптар ортақ шешімге келуі маңызды.

Журналист Әділ Балтабаевтың айтуынша, Қазақстан авторлар қоғамы қазақстандық орындаушыларды Meta платформасындағы келісімнің тоқтатылғаны туралы хабардар етпеген және музыканың Instagram-да қайта пайда болатын нақты мерзімдерін айтпаған. Ол кейбір әртістермен сөйлескенін, олардың авторлар қоғамы тарапынан ақы төленбегенін және төлемдер туралы есептердің берілмегенін мәлімдеген.

Осы ретте танымал орындаушылар Dequine мен Akim Қазақстан авторлар қоғамын музыканы пайдалану құқықтарын авторлардың келісімінсіз сату және "роялти" төлемеу мәселесі бойынша айыптады. Dequine өз әндерінің Air Astana борттарында келісімсіз пайдаланылғанын айтып, ҚазАҚ тарапынан ешқандай төлем алмағанын жеткізді.


Қазақстанның репрографиялық құқықтар және бейнелеу өнері туындылары қоғамының төрағасы Ринат Абдулхаликовтың айтуынша, ҚазАҚ-тағы мәселелер 2019 жылы басшылық ауысқаннан кейін басталған.

Жаңа басшылық ескі басшылықты авторларға жеткілікті төлем жасамады деп айыптағанымен, үш жыл ішінде авторлар мүлдем төлем ала алмай қалған.

Бұл жағдай қазақстандық музыканың құқықтарын қорғау жүйесіндегі күрделі мәселелерді және оны қайта қарау қажеттілігін көрсетеді.