Оқиға 2026 жылғы 8 қарашада болған.
Фото: unsplash
ERNUR.KZ. Мәскеу – Алматы бағытымен ұшқан SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп жазады zakon.kz.
Оқиға 2026 жылғы 8 қарашада болған. Бұл туралы куәгерлердің бірі әлеуметтік желіде жазды.
"Бүгін Мәскеу – Алматы бағытымен ұшқан SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонды. Бұл штаттан тыс жағдай екенін түсінемін. Бірақ @scat.airlines, неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбадыңыздар? Біз шу шығарып, наразылық білдіргенге дейін қорқып, абдырап қалған жолаушыларды аяқтарынан тік тұрғызып, сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей ұстадыңыздар", – деп жазды жолаушы Threads желісінде.
9 қарашада әуе компаниясының баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Мәскеу – Алматы рейсін орындау кезінде борттық жүйенің дабыл индикаторы іске қосылды. Экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосалқы ұшақ ұсынды", – делінген хабарламада.
SCAT өкілдері қосалқы ұшақтың келуін күткен жолаушыларға салқын сусындар берілгенін де атап өтті.


