Интернетте ресейліктер үшін қазақстандық құжаттар еркін саудаланып жатыр

0
747

Жарнама мәтінінде 1000 рубльге немесе 5500-6000 теңгеге екі күн ішінде қазақстандық ЖСН жасап береміз делінген.


Интернетте ресейліктер үшін қазақстандық құжаттар еркін саудаланып жатыр

ERNUR.KZ. Онлайн хабарлама, жарнама беруге арналған OLX платформасының Қазақстандағы сегментінде шетелдіктерге, оның ішінде РФ азаматтарына, заңды тұлғаларына «Қазақстан ЖСН-ін (жеке сәйкестендіру нөмірі) және БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі) алуға көмектесемін» дейтін жарнама пайда болды, деп жазады 7kun.kz.

Мұндай жарнамалардың дені наурыз бен сәуір айларында шыққан. Жарнама мәтінінде 1000 рубльге немесе 5500-6000 теңгеге екі күн ішінде қазақстандық ЖСН жасап береміз делінген. Одан бөлек ресейліктер үшін құжат рәсімдеу, ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік), ЖК (жеке кәсіпкерлік) ашу, банктен есепшот ашу, карта жасау секілді қызметтер ұсынған жарнама көп. Осындай сарындағы жарнаманың дені Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Қарағанды секілді қалалардан.

скриншот: olx.kz

Бұл іс-әрекет қаншалықты заңды? Жалпы ЖСН-ді интернетте ашық саудалаудың салдары қандай? Белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы бұл әрекет мүлде заңсыз деп есептейді.

«Мұндай қызмет түрлерін заңды тіркелген орган атқару керек немесе сенімхат арқылы жүзеге асуы керек. Өзге тұлғаға қатысты жеке мәліметтерге қол сұғуға тыйым салынған. Бұл – алаяқтық әрекеттердің көрінісі», — дейді заңгер.

Шетелдік азаматтар ЖСН-ді қандай жағдайда алуы тиіс?

Қазақстан заңдары мына жағдайда шетелдіктердің ЖСН алуға міндетті екенін көрсетеді:

  • Қазақстан банктерінде ағымдағы есепшот ашқанда;
  • Шетелдік Қазақстан аумағында табыс тапқанда;
  • Қазақстан аумағында сатып алған жылжымалы мүлікке салық төлеуге міндетті болғанда;
  • Қазақстанда тіркелген заңды тұлға — компанияның басшысы болып тағайындалғанда;
  • Шетелдік азамат басқа елде тіркелген заңды тұлғаның Қазақстандағы филиалының, өкілдігінің басшысы болып тағайындалғанда.