ИНВЕСТИЦИЯ, ӨНДІРІС және ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: Түркістанда отандық кәсіпкерлік қарқынды дамып жатыр

0
299

«Түркістан облысы – ауыл шаруашылығымен ғана ерекшеленеді» деген түсініктен арылып, өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, логистика, экспорт және инвестиция бағыттарын ерекше дамытып келе жатыр.


ИНВЕСТИЦИЯ, ӨНДІРІС және ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: Түркістанда отандық кәсіпкерлік қарқынды дамып жатыр

фотосуреттер Түркістан облысы әкімдігінен алынды

Қазіргі таңда ел экономикасының тұрақты түрде дамуы өңірлерге инвестиция тарту, өндірістік әлеуеті мен кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға тікелей қатысты. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен Үндеулерінде экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібіне серпін беру, шағын және орта бизнес үлесін молайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарына айрықша басымдық беріп келе жатыр. Сәйкесінше, бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Түркістан өңірінде ауқымды жобалар арқылы жүзеге асып, облыс әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан үздік көрсеткіштерге қол жеткізуде.


ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ӨНІМ

Атап айтқанда, өңір «Түркістан облысы – ауыл шаруашылығымен ғана ерекшеленеді» деген түсініктен арылып, өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, логистика, экспорт және инвестиция бағыттарын ерекше дамытып келе жатыр. Аймақта іске асырылып жатқан индустриялық жобалар, жаңа өндіріс орындары, арнайы ашылған экономикалық және индустриялық аймақтар отандық бизнес ортасының жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы жартысындағы көрсеткіш те өңірдің дамып жатқанын аңғартады. Атап айтсақ, Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шығып, 126,3 пайыздық нәтижеге қол жеткізген.

Бүгінде өңірлардің экономикалық әлеуеті инвестиция көлемімен де өлшенеді. Сәйкесінше, биыл Түркістан облысында инвестициялық жобалардың портфелі қайта сараланып, іске асырылу мүмкіндігі төмен жобаларға жан-жақты талдау жасалған. Нәтижесінде тәуекелі жоғары жобалардың орнына жаңа әрі тиімді бастамалар енгізіліп, инвестициялық жоспар қайта түзіліпті. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін өңірде жалпы құны 793,9 миллиард теңгені құрайтын жетпіс инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар толықтай жүзеге асқан кезде жаңадан ашылатын тұрақты жұмыс орнының саны 5190-ды құрайды.

Өңірде өндіріс, қайта өңдеу, жоғары технологиялы кәсіпорындар мен экспортқа бағытталған жобаларға да басымдық берілген. Бұл бағыт бойынша жыл басынан бері жалпы құны 33,4 миллиард теңгені құрайтын жиырмаға жуық инвестициялық жоба іске қосылып, 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласында 2026 жылдың алғашқы алты айында 873,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға көп екен. Осы ретте ең жоғары көрсеткіштер металлургия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және тоқыма өнеркәсібіне тиесілі екенін айта кетейік. Соның ішінде соңғы жылдары өңірде тоқыма өндірісіне айрықша мән беріліп, өндіріс өсімі 468,6 пайызға жеткеніне назар аудару қажет. Өнеркәсіп артса, инвестиция көлемі де ұлғаятыны сөзсіз. Сәйкесінше, 6 айда өңір экономикасына 894,6 миллиард теңге инвестиция тартылса, соның 92,6 пайызы жеке инвестиция екенін ескеру керек. Демек, отандық және шетелдік инвесторлар Түркістан облысына ерекше қызығушылық танытып отыр деген сөз.

Осы ретте кез келген инвестор аймақтағы тұрақты саясатқа, қолайлы инфрақұрылымға және әкімшілік қолдауға ерекше мән беретінін атап өту керек. Сондықтан да Түркістан облысында соңғы жылдары инженерлік инфрақұрылым жүргізу, жаңа индустриялық аймақтар құру, өндірістік алаңдар дайындау, кәсіпкерлерге жер телімдерін ұсыну, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.

Тағы бір айта кетерлігі – өңірде жалпы инвестициялық құны 2,8 триллион теңгені құрайтын, 122 ірі жобадан тұратын ұзақмерзімді жоспар бекітілген. Бұл жобалар толық іске асырылған кезде аймақта 17 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады.


ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР. ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР

Бүгінде өңір экономикасына өндірістік әлеуеттің артуы тың серпін сыйлап отыр. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс орындарын ашу, индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер ашу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Себебі, дайын өндірістік алаң, инженерлік желі және қолайлы жағдай – кәсіпкерлер үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Тиісінше бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жобалардың іске қосылуына ықпал етуде. Нәтижесінде Түркістан облысында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар желісі қалыптасуда. Мәселен, былтыр өңірде 11 жаңа индустриялық аймақ іске қосылып, жалпы саны 20-дан асты. Бүгінде ол аймақтарда жалпы құны 158,4 милиард теңгені құрайтын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Аталған жобалар толық іске қосылғанда 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Түркістан облысындағы 2 миллионнан астам халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан ауыл тұрғындарының өндіріс саласына үлес қосуын қамтамасыз ету өңір басшылығы үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда ауылдық жерлерде отызға жуық өндірістір парк құрылған және бүгінде 275 парктің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, бұл парктерде құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын жобалар іске асырылып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Демек, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары тек облыс орталығын қамтымайды. Әрбір аудан мен ауылдың ерекшелігі ескеріле отырып, өндірістік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Сауран ауданында жиһаз, құрылыс материалдары, шағын өндіріс орындары; Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы мен сервистік кәсіпкерлік; Шардара, Қазығұрт, Ордабасы аудандарында құрылыс материалдары, фасадтық жабдықтар салаларына басымдық берілген. Ең бастысы – қазір өңір сауда-саттыққа ғана емес, жаңа өнім түрлерін әзірлеп, үлкен нарыққа шығу қадамдарын жасап жатыр. Бұл үрдіс экономиканы әртараптандыруға да септігін тигізері сөзсіз.


АГРОӨНЕРКӘСІП – АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІ

Түркістан өңірін ауыл шаруашылығынсыз елестету мүмкін емес. Себебі, өңір экономикасын дамытуда агросектордың орны ерекше. Алайда, қазір агросекторды шикізат өндіретін ғана емес, өнімді терең өңдеп, экспортқа шығаратын сала ретінде де қалыптастыру міндеті бар. Тиісінше, өңірде саланы жаңғырту және әртараптандыру жұмыстары атқарылып келеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жартысында өңірде 325,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыс бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр.

Сондай-ақ, өңірде агросекторға салынатын инвестиция көлемі де артып, жыл басынан бері салаға 153,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп. Агросектордың дамуына серпін беріп тұрған бағыттар қатарына ет өнімдері, өсімдік майы, сусындар, ұн-жарма, балық және жеміс-көкөніс өндіру жатады.

Өңірдің агросекторына қан жүргірткен бағыттың бірі – мақта-тоқыма кластерінің құрылуы. Аталған бағыт бойынша өңірде жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын бес ірі жоба іске асырылып келеді. Бұл бастамалар толық жүзеге асқанда 7000 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Атап айтуға тұрарлық тағы бір бағыт – жүгері кластері. Бұл бағытта құны 34 миллиард теңгені құрайтын «Казкрахмал» зауыты салынды. Кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, отызға жуық өнім әзірлеуге қауқарлы. Жалпы, 2030 жылға дейін өңірдегі жүгері алқабы 70 мың гектарға дейін жеткізілмек.

Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да еліміздегі үздік аймақтардың бірі. Ет экспорты бойынша да көшбасшылар қатарына қосылған. Мәселен, Қазақстаннан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы Түркістан облысына тиесілі.


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК - ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯ

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы билік өкілдері мен бизнес қауымдастығы шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, күн сайын жаңа инвестиция тарту мақсатында белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл саланың өркендеуіне өңірдің тарихи-рухани мәртебесі, географиялық орналасуы, жұмыс күшінің көптігі және өндірістік әлеуеті оң әсерін тигізуде. Сәйкесінше, Түркістан облысы бүгінгі таңда Орта Азиядағы экономикалық орталыққа айналып үлгерді. Облыста 2029 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылған. Бұл портфелде жалпы құны 3 триллион теңгеге жуықтайтын 120-дан астам жоба бар. Жоспарға сәйкес, аталған жобалар іске асырылған кезде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің өндірістік, экспорттық қуаты арта түспек. Осы ретте Түркістан облысының өкілдері Қытай, Түркия, Өзбекстан сынды мемлекеттермен байланысты нығайтып келеді.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, инвестицияға тек қаржы деп қарау қателік. Себебі инвестиция – жаңа технология, жаңа мәдениет және жаңа тәжірибелермен бірге келеді. Шетелдік компаниялардың нарыққа енуі отандық мамандардың біліктілігін арттырады, жаңа өндірістік стандарттарды енгізеді және жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктер туғызады.


КӘСІПКЕРЛІК – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ

Кәсіпкерлік саласының кеңеюі – ел тұрғындарының тұрмыстық ахуалын көтеруге, жұмыспен қамтуға және табысты арттыруға негіз болады. Осы тұрғыдан қарасақ, Түркістан өңірінде атқарылып жатқан ауқымды жобалардың маңызын тереңірек ұғамыз.

Бүгінде өңір аумағында жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындары көптеп ашылып, мыңдаған адам тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. 2026 жылдың басынан бергі кезеңнің өзінде өңірде 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған.

Облыс әкімдігі ұсынған статистикаға сүйенер болсақ, облыс бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 837 990 адамды құрайды екен. Алдағы кезеңде «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» шеңберінде тағы 75 мыңға тарта жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өз ісін бастаймын деген азаматтар үшін де жаңа бизнес жобаларды қолдау, кәсіпкерлерге кеңес беру, өндірістік алаңдар ұсыну, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту сынды істер атқарылып жатыр. Мәселен, биыл жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 1450 азаматқа мемлекеттік грант беріледі деп бекітілген. Кәсіпке қызығатын жастарға арналған қолдаулар да аз емес: кәсіби білім беру, қысқа мерзімді оқыту, бизнес бастауға мүмкіндік жасау және тәжірибеден өту бағдарламалары қарастырылған.


Жалпы, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өнімді терең өңдеу, шағын және орта бизнесті қолдау, халықаралық байланыстарды нығайту сынды саланың бәрі «мемлекеттің экономикасын нығайту» мақсатына негізделген. Ал, мемлекеттің экономикасы дамыса, тұрғындардың да тұрмыс сапасы жақсара түседі. Сондықтан бұл бағыт – нақты әрі оң нәтижеге негізделген жол деп айтуға болады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ