Оқушыңыз ОЛИМПИАДАдан орын алмай жүр ме? Себебін тауып, түбірін жойыңыз!

0
119

Олимпиадада топ жару – тек білімнің көрсеткіші емес, ол – жүйелі тактика және психология


Оқушыңыз ОЛИМПИАДАдан орын алмай жүр ме? Себебін тауып, түбірін жойыңыз!

Сурет: ЖИ

Әрбір мұғалім өз оқушысын жарысқа қосқанда үлкен үміт артады. Жүзден жүйрік шықсын деп барын салады. Бірақ олимпиада қорытындысы шыққанда, жеңімпаздар қатарында шәкіртінің аты-жөні болмаса, жүрегі ауыратыны жасырын емес. «Қай жерден қателестім? Неге нәтиже жоқ?» деген сұрақ мазалайтыны анық.

Себебін оқушының қабілетсіздігінен немесе өзіңіздің қатеңізден іздеп, бірден түңілуге асықпаңыз. Олимпиадада топ жару – тек білімнің көрсеткіші емес, ол – жүйелі тактика, психология және ерекше ойлау қабілеті. Оқушының жолы болмай жүрген басты себептерді бірге талдап, оны шешудің жолдарын қарастырайық.


1-себеп – мектеп бағдарламасы шеңберінде қалып қою

Оқушы кітаптағы барлық ережені жатқа біледі, сыныпта үздік, бірақ олимпиададағы логикалық, бұралаңы көп тапсырманы көргенде сасып қалады.

Қателік неде? Мектеп бағдарламасы баланы стандартты шаблонмен жұмыс істеуге үйретеді. Ал олимпиада тапсырмалары жаттанды формуланы емес, тапқырлықты, логиканы және шешімді күтпеген жерден таба білуді талап етеді.

Тапсырмаларды «жаттанды формулаға салып шығару» әдетінен арылыңыз. Оқушыға «Егер тапсырманың шартын былай өзгертсек, не болады?» деген сұрақты жиі қойып, әртүрлі қырынан ойлануға үйретіңіз. Логикалық заңдылықты табуды талап ететін стандартты емес тапсырмалармен жұмыс істеңіз.


2-себеп – психологиялық қысым және «үздік оқушы синдромы»

Оқушы дайындық кезінде бәрін жап-жақсы орындайды, ал жарыс залына кіргенде тосылып, оңай жерден қате жібереді немесе уақытты есептей алмай қалады.

Қателік неде? Балада «Мұғалімнің, ата-анамның сенімін ақтай алмай қалсам не болады?» деген үрей басым. Стресс кезінде адам миы логикалық ойлауды бұғаттап тастайды.

Шәкіртіңіздің сайыс алаңында өзін еркін, сенімді сезінуіне мүмкіндік жасаңыз. Жарысқа деген көзқарасын өзгертіңіз. Оны аса маңызды емтихан емес, қызықты интеллектуалды ойын ретінде қабылдауға баулыңыз.

Дайындықты нақты олимпиада залындағыдай жағдайда өткізіңіз. Таймер қойыңыз, бланкілерді толтыртыңыз, жанында тұрып кеңес бермеңіз. Осылайша бала сайыс кезіндегі шарттаға бойын үйретсе, стреске бой алдырмайды.

Дұрыс стратегияны үйретіңіз: алдымен өзі сенімді, оңай тапсырмаларды орындап, нақты ұпайды қоржынға салу керек, ал қиын сұрақтарды соңына қалдырған дұрыс.


3-себеп – мұқиятсыздық және өзін-өзі тексермеу

Оқушы білмей қалғаннан емес, асығыстықтан немесе байқаусыздықтан ұпай жоғалтады. Балалардың сұрақты дұрыс оқымай, толық түсінбей, асығыс шешім шығаратын әдеті жиі орын алады. Мысалы, «қатесін тап» деген тапсырмада «дұрысын» іздеп отырады.

Мұндағы қателік – мәтінмен терең жұмыс істемеу және өз қатесін сырттай бағалай алмау.

Түбірін жою үшін «Аялдама» әдісін қолданыңыз. Тапсырманы орындап болған соң, негізгі сұрақты және өз жауаптарын қайтадан сұрақтың қарап, қайта оқып шығуға баулыңыз.

Өткен жылдардағы олимпиадалардың бағалау критерийлерін бірге талдаңыздар. Оқушы сарапшылардың қай жерде ұпай қосып, қай жерде алып тастайтынын анық түсінуі керек.


4-себеп – балада қызығушылықтың болмауы

Сіз сыныптан өте еңбекқор, айтқанды екі етпейтін, барлық жерде үздік болуға тырысатын оқушыны таңдап алдыңыз. Оны жарыстарға жан-жақты дайындап жүрсіз. Алайда оқушы бұл пәнге жан-тәнімен ғашық емес. Тек жақсы баға, орын алу үшін оқып жүр.

Нағыз олимпиадашы – ол зерттеуші. Егер пән баланың ішкі қызығушылығын оятпаса, өте қиын деңгейге жеткенде ол тез шаршап, тежеліп қалады.

Түбірін қалай жоямыз? Көзінде оты бар, пәнді шын сүйетін балаларды таңдаңыз. Мектеп бағдарламасынан тыс шығыңыз: ғылыми-көпшілік мақалалар оқыңыз, деректі фильмдер көріңіз, соңғы жаңалықтарды талқылаңыз. Бала өзі таңдаған пәннің әлемінде «өмір сүруі» керек.


5-себеп – жүйесіздік және соңғы сәтте дайындалу

Дайындық олимпиадаға екі апта қалғанда ғана қарқынды түрде басталады. Екі аптада формуланы қайталап шығуға болар, бірақ олимпиадалық ойлау жүйесін қалыптастыру мүмкін емес.

Олимпиадаға дайындық – бұл қысқа қашықтыққа жүгіру емес, ұзақ марафон. Оқу жылының басынан бастап жеке жоспар құрыңыз. Олимпиада алдында таңды-таңға ұрып дайындалғанша, аптасына 2-3 рет 30-40 минуттан жүйелі түрде айналысқан әлдеқайда тиімді.

Олимпиададағы жеңіс – бұл айсбергтің су бетіндегі ғана бөлігі. Егер оқушыңыз бұл жолы орын ала алмаса, оны сәтсіздік деп қабылдамаңыз. Қай жерде ақсап тұрғаныңызды табыңыз, соны жөндеңіз. Сонда нәтиже көп күттірмейді.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҰСТАЗ ҮНІ: Оны қалай жоғалтып алмау керек?