Еліміздің барлық өңірінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» марафоны бастау алды

0
71

Марафон 7 бағыттан тұрады.


Еліміздің барлық өңірінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» марафоны бастау алды

ERNUR.KZ. Былтыр «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» марафоны пилоттық негізде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында жүзеге асқан. Оған 189 мыңнан астам адам қатысты. Бұны «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, пилоттық кезең өте маңызды тәжірибе болды.

«Біз жобаны асырудың негізгі тетіктерін тәжірибе жүзінде сынақтан өткіздік. Қатысушылардың белсенділігін, ұйымдастыру үдерісін, цифрлық платформаның жұмысын зерделедік. Осы тәжірибенің негізінде жобаның форматы мен механизмдерін жетілдірдік. Соның нәтижесінде биыл жоба жаңа форматта, яғни республикалық кітап оқу марафоны ретінде кеңейтіліп, еліміздің барлық өңірінде өткізуді қолға алып отырмыз», – деді спикер.

Жоба қоғамның әртүрлі топтарына арналған: мектеп оқушылары, ұстаздар, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және жасына немесе мамандығына қарамастан кітап оқуға қызығушылық танытқан кез келген азамат қатыса алады.

Марафон 7 бағыттан тұрады. Солардың бірі – «Кітап оқитын әулет». Жобаның ресми сайты – reading-nation.kz. Қатысушыларды тіркеу 27 қыркүйек күні аяқталды. Барлығы 1 374 600 азамат тіркеуден өтті. Олардың 68%-дан астамы қазақ тілін, қалғаны орыс тілін таңдады. Олардың ішінде оқушылар – 681 704, студенттер –112 988, педагогтар – 156 950, әулеттер – 40 730, мемлекеттік қызметшілер 86 725, зияткерлік бағытқа тіркелгендер – 67 614, «Parasat» бағыты бойынша 3 мыңнан асады. Қатысушылар 6 ай ішінде 15 кітап оқу керек.

«Кейін олар сайтта кітаптар жайлы бейнепікірін қалдыруы керек. Соған сәйкес ұпайлар беріледі, қатысушылар рейтингі қалыптастырылады. Осы кітаптар бойынша зияткерлік куиздер ұйымдастырылады. Қорытындысы бойынша үздіктер анықталады. Бірінші орын алғандарға 600 мың теңге, екініші орынға 450 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі», – деді Б. Тұрлыбеков.

Марафон аясында әр аймақта 8 адамнан тұратын жобалық офис құрылды. 3 адам методикалық бөлімнен, яғни білім басқармаларының мамандары, 2 адам – мәдениет басқармасынан, 1 адам жастар саясаты бөлімінен, тағы 1 адам ішкі саясат бөлімінен тағайындалды. Сегізінші адам – жобалық офистің жетекшісі.