Бір апта бұрынғы бағамен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттау байқалмаған.
ERNUR.KZ. Алматыда “Қайрат” – “Реал Мадрид” матчы өтетін күні пәтерді жалға алу бағасы әдеттегі күндерден қатты өзгермеген. Дегенмен, кейбір пәтер иелері терезесінен тікелей стадион көрініп тұрғанын сылтауратып, бағасын бірнеше есе көтеріп отыр, деп жазады baq.kz.
Мәселен, Алматының Орталық стадионына қарама-қарсы тұрғын үй кешеніндегі бір бөлмелі пәтерді иесі матч өтетін күні тәулігіне 100 мың теңгеге жалға ұсынады. Мұндай бағаны ол стадионға ашылатын “жақсы көрініспен” түсіндіреді. Қызығы, дәл сол кешендегі жоғарғы қабаттағы үш бөлмелі пәтерді бар болғаны 30 мың теңгеге алуға болады, ол да стадионға қарап тұр.
Krisha.kz сайтындағы мәлімет бойынша, стадионға жақын маңдағы пәтерлердің тәуліктік жалдау құны:
• 1 бөлмелі – 15-20 мың теңге,
• 2 бөлмелі – 17-25 мың теңге,
• 3 бөлмелі – 30-35 мың теңге.
Бір апта бұрынғы бағамен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттау байқалмаған. Кейбір үй иелері хабарландыруда “матчқа ыңғайлы орналасқан” деп көрсеткенімен, бағаны аса көтермеген. Мәселен, стадионнан небәрі 100 метр жерде орналасқан бір бөлмелі пәтер 25 мың теңгеге жалға ұсынылған.
Ал Airbnb сервисінде, әсіресе шетелдік туристер пайдаланатын платформасында, алдағы матч бағаларға көбірек әсер етті. Егер бес күн бұрын пәтерді 30 қыркүйекке орта есеппен 25 мың теңгеге алуға болса, қазір орташа баға 30-35 мың теңгеге дейін көтерілген. Сондай-ақ стадионнан үш шақырымдық аумақтағы ұсыныстар саны 150-ден 80-ге дейін қысқарған.