Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарған қонақүйі 12,3 миллиард теңгеге сатылып кетті

0
103

онақүй Алматының Алмалы ауданында, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан.


Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарған қонақүйі 12,3 миллиард теңгеге сатылып кетті

Фото: https://e-qazyna.kz/

ERNUR.KZ. Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған қонақүй 12,3 миллиард теңгеге сатылып кетті. Сатылым туралы хабарлама e-Qazyna.kz электрондық сауда алаңында жарияланған еді. Мемлекет меншігіне өткен ғимарат бұған дейін бірнеше рет саудаға қойылғанымен, сатып алушы табылмаған болатын, деп жазады stan.kz.

Қонақүй Алматының Алмалы ауданында, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Ғимараттың жалпы аумағы 16 мың шаршы метрден асады. Бұрын мұнда DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі жұмыс істеген еді.

торги
Фото: https://e-qazyna.kz/

Бастапқыда ғимаратты 38,2 миллиард теңгеден астам сомаға сатпақ болған. Алайда бірнеше рет өткізілген саудадан нәтиже шықпаған соң баға төмендетіліп, қонақүй ақыры 12 миллиард 384 миллион теңгеге сатылды.

Сатып алушыны анықтау үшін сауда интернет арқылы өткізілген. Онда баға біртіндеп төмендетіліп отырған. Қонақүйдің ең төменгі бағасы 8,9 миллиард теңге болып белгіленген. Саудаға қатысқысы келгендер алдын ала 1,9 миллиард теңгеден астам кепілдік жарна төлеуі керек болған.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы бұған дейін қонақүйді мемлекетке қайтарған болатын. Кейін ғимарат сатылымға шығарылды. Осылайша, бірнеше талпыныстан кейін мемлекет меншігіне өткен нысанға сатып алушы табылды.

Еске салсақ, бұған дейін де дәл осы қонақүйге қатысты дау туған еді. Бұрынғы мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи мемлекетке қайтарылған ғимаратты төмен бағамен қайта сатып алу әрекеттері болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда Бас прокуратура бұл күдікті растамай, қонақүйдің 2023 жылы мемлекет меншігіне өткенін және барлық рәсім заңға сай жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Сондай-ақ ведомство нысанның ашық саудаға шығарылатынын айтқан.