Кәмелет жасқа толмағандардың әлеуметтік көмек алу құқықтарының бұзылғандығы анықталған.
Тараз қаласы прокуратурасымен жергілікті атқарушы органның қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 2 мыңнан аса кәмелет жасқа толмағандардың әлеуметтік көмек алу құқықтарының бұзылғандығы анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Яғни, қала әкімдігі жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ дамуында әртүрлі ауытқулары бар балаларға оқу кезеңінде қоғамдық көлікте жол жүру үшін заңнамамен қарастырылған өтемақы төлемеген.
Үш мектеп-интернатта (дамуында ақыл-есі кем балалар үшін, "Болашақ" және "Мейірім"), Үкіметтің қаулысымен (2012 жылдың 12 наурыздағы №320) оқушыларға тамақ пен киім бюджет қаражаты есебінен тегін беру құқығы кепілдендірілгендігіне қарамастан берілмеген. Оған қоса, оқу орындарының әкімшілігі бюджетті жоспарлау кезінде бұл мақсаттарға қаражат бөлуді көздемеген.
Прокуратураның ұсынуының негізінде Тараз қаласы мәслихаты шешімінің жол жүру шығындарын өтеу бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, интернаттардың тәрбиеленушілері тегін тамақ пен киіммен қамтамасыз етілді.
Жол берілген заң бұзушылықтар үшін 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал екі интернат және облыстық білім басқармасының басшыларына 110 АЕК (277 750 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Дереккөз: Жамбыл облысының прокуратурасы баспасөз қызметі