Аурудың белгілері бас ауруы, дененің ауыруы, жүрек айнуы түрінде байқалады. Бірақ көп жағдайда ауру симптомсыз өтеді.
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мысырда тарап жатқан қанды безгекке байланысты енді шетелге шыққан қазақстандықтардың тексерілетінін айтты, деп жазады stan.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қанды безгектің адамға масалар арқылы жұғатын вирустық инфекция екенін хабарлады. Ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы берілмейді. Ауру тропиктік және субтропиктік елдерде таралған.
ДДҰ мәліметтері бойынша, Африканың, Американың, Шығыс Жерорта теңізінің, Оңтүстік-Шығыс Азияның және Батыс Тынық мұхитының 100-ден астам елі эндемикалық.
"Қазақстанда жыл сайын ауруды жұқтырудың жалғыз жағдайы тіркеліп отыр. Биыл қанды безгекпен ауыратын елдерден, атап айтқанда, Таиландтан келген адамдар арасынан қанды безгегінің 2 жағдайы тіркелді", – деп хабарлады мамандар.
Аурудың белгілері бас ауруы, дененің ауыруы, жүрек айнуы түрінде байқалады. Бірақ көп жағдайда ауру симптомсыз өтеді. Ал науқастың жағдайы 1-2 аптадан кейін жақсаруы мүмкін.
Осы себептен енді науқастарды дер кезінде анықтау және оларға медициналық көмек көрсету мақсатында әуежайдағы, теміржол вокзалдары мен автокөлік пункттеріндегі елге кіре берістегі санитарлық-карантиндік пунктте дене температурасын қашықтықтан өлшеу арқылы келушілер бақыланбақ.
Бұл індеттен сақтану үшін масалардың шағуынан қорғау құралдарын қолданып, терезелер мен есіктерді жауып, ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге қаралған жөн.
Еске салсақ, бұған дейін Мысырдағы Кена провинциясына жататын Эль-Аликат ауылының тұрғындары белгісіз вирустың белгілерін тапқанын хабарлаған болатынбыз.