Қаңтар қасіреті: 273 полиция қызметкері мен әскери қызметші мүгедек болып қалды

0
593

Тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақаттарын алды.


Қаңтар қасіреті: 273 полиция қызметкері мен әскери қызметші мүгедек болып қалды

ERNUR.KZ. Қаңтар оқиғалары салдарынан 273 полиция қызметкері мен әскери қызметші мүгедек болып қалды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұған дейін атап өткендей тәртіпсіздіктер барысында 3 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлері және әскери қызметшілер әртүрлі дене жарақаттарын алды. Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары, сондай-ақ басқа да ауыр зардаптар бар. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер барысында ауыр жарақат алған 273 қызметкер мен әскери қызметші емделуде. Олардың бір бөлігі осы уақытқа дейін жан сақтау бөлімінде. Өкінішке орай олар ары қарай жұмыс жасай алмайды, іс жүзінде мүгедек болып қалды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, полиция қызметкерлері мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, сондай-ақ әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде жеткілікті мөлшерде бар. Олардың көпшілігін тәртіпсіздіктерге қатысушылардың өздері таратты.

«Басқа мәліметтермен қатар осы бейнежазбалар бойынша қылмыстық шабуылдарға қатысқан адамдар анықталуда. Мәселен, Атырауда қаланың орталық көшелерінің бірінде 5-ші қаңтарда облыстық әкімдік ғимаратын қорғауға тартылған полиция қызметкерлерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соққан осы қаланың екі тұрғыны ұсталды. Бейнеде көрініп тұрғандай, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге жатқызып, оны теуіп, таяқпен ұрған. Екіншісін аяқпен, қолмен, сондай-ақ каскамен басынан ұрып, ауыр зақым келтірген. Сол қалада тәртіпсіздікке қатысушылар жедел жәрдем автомашинасын бұғаттап, ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жарақаттанған полиция қызметкерлерін қайта ұрып-соққан. Осы фактілер бойынша Атырау қаласының төрт тұрғыны анықталды, олар соттың санкциясынан қамауға алынды», - деді департаменті бастығы.

Санжар Әділовтің дерегінше, Қызылордада 5 қаңтарда әскерилерден тартып алынған «Камаз» арнайы автомашинасын қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлер тізбегін басып өтуге бағыттаған осы қаланың тұрғыны ұсталды. Көлікпен басып кетудің нәтижесінде Ұлттық ұланның 19 жасар әскери қызметшісі оқиға орнында көз жұмды.

«Ата-анасы жалғыз ұлынан айрылды, тірі күнінде ол бағдарлама жасаумен айналысушы еді және философиямен әуестенген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқыды. Өмірге үлкен жоспарлар жасап, ІТ-маман болуды армандаған еді», - деді ол.

«Сол күні осы қаланың тағы бір шабуылшысы әскерилерден басқа «Камаз» автомашинасын тартып алып, жедел басқару орталығының жұмысына кедергі жасау мақсатында электр бағанын қасақана соғып, бейнебақылау камераларын істен шығарды. Одан соң Жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алу мақсатында қоршаудың қақпасын соқты. Екі оқиға бойынша да күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды, бейнежазбалар олардың кінәсін дәлелдейді», - деді департамент бастығы.

Оның атап өтуінше, осыған ұқсас фактілер еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе Алматыда орын алды.

«Мысалы, осы қалада жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметкерлерге дене жарақаттарын келтіру үшін металл кесінділерін әзірлеп, қаланың көшелерінде «Газель» автомашинасымен жүріп, оларды наразылық білдірушілерге таратқан алты адам ұсталды», - деді Санжар Әділов.