Олар суға түскен сәтте жел күшейіп, толқын көтеріліп кеткен.
Фото: instagram.com/qonaev_qapshagay/Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Қонаев қаласы маңындағы Қапшағай су қоймасында екі жас суға батып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тарады. Жарияланым авторының айтуынша, бір топ жас су жағасында демалып жүрген. Олардың бір бөлігі заттарын түсіріп жатқан кезде, бойжеткен мен жігіт суға түскен. Осы сәтте жел күшейіп, толқын көтеріліп, екеуі бата бастаған.
Мәліметке сәйкес, көмекке шақырған дауысты жақын маңда отбасымен туған күнін атап өтіп жатқан Нұрмұхаммед есімді азамат естіп, еш ойланбастан суға секірген. Куәгерлердің айтуынша, ол бойжеткенді жағаға алып шыққанымен, аман алып қалу мүмкін болмаған. Оқиғадан кейін құтқаруға ұмтылған азаматтың өзі де есін жиып, біраз уақытқа дейін өзіне келе алмаған.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде аталған оқиғаның болғанын растады.
Ресми мәліметке сәйкес, 1 шілде күні 112 қызметіне «Жаса» демалыс аймағы маңында жабдықталмаған жерде шомылу кезінде екі жастың суға кеткені туралы хабарлама түскен.
Құтқарушылар келгенге дейін демалушылар жағалаудан шамамен 30 метр қашықтықтан 2006 жылы туған қыздың мәйітін судан алып шыққан.
Екінші адамды іздеу үшін Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылып, іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталды.
Іздестіру операциясы тәулік бойы жалғасты. 2 шілде күні таңертең құтқарушылар Қапшағай су қоймасының жағалауынан 2004 жылы туған жігіттің мәйітін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол көз жұмған бойжеткенмен бірге болған.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға кеңес берді. Сондай-ақ құтқарушылар тыйым салынған әрі жабдықталмаған жерлерде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.


