Өрт ауданы 870 гектарды құрайды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Шет ауданындағы тау жотасының аумағында табиғи өртті сөндіруге 168 адам және 34 бірлік техника жұмылдырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық ТЖД мәліметінше, қабылданған шаралар арқылы жағдай тұрақтандырылды.
«Бір өрт ошағында сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ашық жану ошағы жоқ. Суару жұмыстары және қарауыл жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Алдын ала деректер бойынша өрттің ауданы 870 га құрайды (аэровизуалды зерттеу деректері бойынша белгіленген), оның ішінде 116,143 га «Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық» КММ аумағында болған.
«Өткен тәулікте Қарағанды облысының аумағында: Бұқар-Жырау ауданында Үштөбе ауылдық округінде 15 га алаңда және Ақтоғай ауданында Шабанбай би ауылдық округінде 10 га алаңда құрғақ шөптің екі өрті сөндірілді.
Ақтоғай ауданында Айыртас ауылдық округінде бір дала өртінің ошағы бақылауда қалып отыр. Өртті сөндіруге ТЖД және Айыртас ауылының өрт сөндіру бекетінің күштері жұмылдырылды. Өрт ауданы анықталуда», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысының ТЖД өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.