Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті демалыс орны жасалды

0
281

Топар кентіндегі жобаға 80-нен астам адам қатысты.


Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті демалыс орны жасалды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар кентінде ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарға және олардың отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік-экологиялық жоба аяқталды, деп жазады inbusiness.kz.

"Инклюзивті аллея: гарден-терапия және кедергісіз отбасылық демалыс" жобасына 80-нен астам адам қатысты. Бастама инклюзивті ортаны дамытуға, отбасылардың өмір сапасын жақсартуға және жергілікті тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Жобаны "Тамаша Адам" мүгедектер қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Жоба аясында экологиялық акция ұйымдастырылып, қатысушылар бөртегүл көшеттерін отырғызды және аумақты абаттандыруға атсалысты. Оған ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен олардың отбасы мүшелері, волонтерлер және жергілікті тұрғындар қатысты.

Сонымен қатар семинар-тренинг өткізіліп, мамандар әлеуметтік бейімделу, инклюзивті орта қалыптастыру және мемлекеттік әрі қоғамдық ұйымдардың қолдау тетіктері туралы ақпарат берді.

Жоба соңында қатысушылар жергілікті су қоймасына барып, сауықтыру бағдарламасына қатысты. Оның аясында шығармашылық, спорттық және экологиялық шаралар ұйымдастырылып, балалардың ұсақ моторикасын, қимыл-қозғалыс үйлесімін және сезіну қабілетін дамытуға арналған жаттығулар өткізілді.